«ҚҰМАР ОЙЫН ҚҰРДЫМҒА ҚҰЛАТАДЫ»: СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ
Қоғамның өзекті мәселесімен күрес ешқашан бәсеңсіген емес. Қазіргі уақытта да бірқатар өзекті түйткілдер төңірегінде күрес шаралары қарқынды жүріп келеді. Мәселен, талай жасты құрығына ілген құмар ойындарының алдын алу шараларының талқыланып келе жатқанына біраз болды. Арнайы заң жобасы да қабылданды. Бұл ғана емес, алдағы бірнеше жылды қамтитын жұмыс жоспары да бекітілді. Бүгінде осының негізінде атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар көп.
Тарқатар болсақ, соңғы кездері мемлекеттік қызметшілер мен ел тұрғындары арасында ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Оған мыңдаған азамат қатысып, тақырып төңірегінде құнды мәліметтер алды. Мұндай кездесулер жалғасып келеді. Мәселен, өткен аптада Ордабасы ауданының орталық ауруханасының психолог мамандары және аға инспектор-психологі, полиция аға лейтенанты Ж.Махатова 2-полиция батальонының жеке құрамына «Құмар ойын құрдымға құлатады» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Семинар-тренинг барысында қызметкерлерге құмар ойынның зардабы туралы баяндама оқылып, кеңінен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, тақырыпқа сай бейнеролик көрсетілді. Жиынға қатысқан қызметкерлер спикерге көкейіндегі сауалдарын жолдап, нақты жауаптарын алды.
Айта кетейік, жуырда қабылданған заң жобасы аясында елімізде бірқатар шектеулер заң жүзінде қолданысқа енді. Енді жаңа құжат бойынша мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметкерлер және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне де бәс тігуге тыйым салынады. Бұл – шамамен 280 мың адам. Егер тыйымды бұзса, жұмыстан босатылады.