ЖАСТАР СПОРТТЫҚ ДОДАДА БАҚ СЫНАДЫ
Қазіргі уақытта жастарды шыңырауға тартып, құздан құлататын өзекті түйткілдер жетерлік. Олардың қатарында лудомания, нашақорлық, темекі мен ащы суға әуестік сияқты маңызды мәселелер баршылық. Олармен күрес те қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, Түркістан облысына қарасты аудандар мен қалаларда жыл басынан бері аталған тақырыпты арқау еткен көптеген кездесулер мен семинар-тренингтер ұйымдастырылды. Оған жүздеген жас қатысып, құнды кеңестер алды десек, артық айтқанымыз емес. Дегенмен қазіргі уақытта мектеп оқушылары мен орта арнаулы оқу орындарының студенттері жазғы демалысқа шықты.
Осындайда біз сөз еткен бағыттағы жұмыстардың саябырсып қалғандай көрінетіні бар. Әйтсе де жұмыстар белсенді түрде жалғасып келеді. Қазіргі уақытта бірқатар демалыс орындарында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, Қазығұрт ауданы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Төлеби ауданына қарасты «Бәйшешек» атындағы ойын-сауық лагерінде ойынқұмарлықтың алдын алу, бос уақытты тиімді пайдалану мақсатында «Лудомания-қоғам дерті» тақырыбында эстафеталық ойындар өтті. Шараның негізгі мақсаты — жастарға қолдау көрсету, спорттық ойындарға бейімдеу, жастардың қоғамдағы рөлі, әлеуметтік және тұлғалық даму барысы тақырыптарын талқылау және қоғам дертіне айналған ойынқұмарлықтың алдын алу, жастар арасында өршіп тұрған мәселені шешу.
Осы орайда, ұйымдастырылған эстафеталық ойындар жоғары бәсекемен өтті. Оған бас-аяғы 8 команда қатысты. Тартысты өткен ойындар нәтижесінде «Жетінші» командасы жеңімпаз атанды. «Төртінші» командасы екінші орынға жайғасса, үздік үштікті «Сегізінші» командасы түйіндеді. Айта кетейік, бұл спорттық дода тек сайыстардан ғана тұрған жоқ. Жарыс барысында жастарға тақырып аясында бірқатар құнды кеңестер берілді.