ӘСКЕРИЛЕР АРАСЫНДА ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл заң жобасы лудомания сынды қоғамда кеңінен тарап келе жатқан мәселенің алдын алуға бағытталған. Десе де заңмен ғана мәселені түбегейлі шешу мүмкін емес. Халық арасында ақпараттандыру жұмыстары да қарқынды жүруі тиіс.
Осы орайда, Шардарада Шекара бөлімшесінің қызметкерлері арасында қоғамдық дерттен сақтандыру мақсатында нашақорлық пен құмар ойынның алдын алу туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өткізілді. Мақсат – қазіргі уақыттағы өзекті түйткілге айналған нашақорлық пен құмар ойын мәселесі туралы түсінік қалыптастыру, қоғамда кеңінен өріс алған құмар ойынның алдын алу, компьютерлік ойындардың таралуын тежеу. Бүгінде елімізде нашақорлықтан және құмар ойыннан келетін қауіп үлкен мәселеге айналып отыр. Мұндай ойын түрі күн өткен сайын түрленіп, қоғамға келтіретін зияны ұлғайып келеді. Жасыратыны жоқ, құмар ойын және нашақорлық адам баласын өз-өзіне қол жұмсау, бір-бірін өлтіру, ажырасу, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, қарызға бату сияқты халге де жеткізуде. Осының салдарынан бейкүнә балалар жапа шегіп, қаншама отбасының шаңырағы ортасына түсіп жатыр. Сондықтан да мұндай бастамалардың маңызы айрықша.
Айта кету керек, бұған дейін Мәжіліс депутаттары әскерилер арасында құмар ойынның кең таралып келе жатқанын айтып, дабыл қаққан еді. Енді бұл саладағы қызметкерлерге құмар ойын ойнауға тыйым салынады. Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев «Егер мемлекеттік және әскери қызметкер құмар ойынға қатысы болса немесе букмекерлік кеңсеге бәс тіксе, онда бұл жағдайда ол теріс себептермен атқаратын лауазымынан босатылады. Айыппұл санкциялары қарастырылмаған, мемлекеттік қызметкерге қатысты мұндай санкция жоқ» деп атап өткен болатын.