ШЫМКЕНТТЕ АЛҒАШ РЕТ ЖАСАЛҒАН ОТА СӘТТІ БОЛДЫ

Елімізде медицина саласын дамытуға айрықша басымдық беріліп келеді. Бұл салада атқарылып жатқан жұмыстар мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы аясында жүзеге асып жатқаны белгілі. Күні бүгінге дейін еліміздің бірқатар өңірінде заманауи талаптарға сай денсаулық сақтау нысандары бой көтерді. Бұл ғана емес, талай жылдан бері жөндеу көрмеген нысандар жаңартылды.

Материалдық-техникалық базаны нығайту бойынша да ауқымды шаралар атқарылды. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында әлемнің озық клиникаларының білікті мамандарымен тәжірибе алмасу ісі жолға қойылды. Осының арқасында салада серпіліс пайда болды.
Бүгінде салада қиын саналатын бірқатар оталар елімізде, оның ішінде Шымкент қаласында сәтті жасалып келе жатыр. Мәселен, жуырда Шымкент қалалық №2 ауруханасында алғаш рет нейронавигациялық құрылғы көмегімен бас-ми ісігіне ота жасалды. Дәрігерлер жоғары технологиялы медициналық көмек көрсету арқылы 72 жастағы қарияны аман алып қалды. Науқас соңғы 2-3 айда сол жақ аяғының әлсіреуі салдарынан жүре алмай қалған. МРТ және басқа да медициналық тексеру нәтижелерінде зейнеткердің миында ісік бары анықталады. Инновациялық технология қолданылған күрделі отаны аурухананың нейрохирург-дәрігері Еркін Медетов жасады.
Дәрігердің айтуынша, нейронавигациялық құрылғы ісікті 0,1 мм дейінгі аса дәлдікпен көрсетіп, науқастың өміріне қауіп пен қан жоғалту ықтималдығын азайтады. Ота барысында заманауи нейронавигациялық жүйе көмегімен үздіксіз мониторинг жасалып отырады және мидың тамырлары мен маңызды аймақтарын толық сақтап қалуға болады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жасалған күрделі ота сәтті өтті. Пациент таяу күндері ауруханадан шығады және дәрігерлердің нұсқауын орындап, бақылауда болуы тиіс.