МАМАНДАР ЖАСТАРҒА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ ТУРАСЫНДА КЕҢІНЕН АҚПАРАТ БЕРДІ
Адамзат баласы жаһандану сынды соқпағы көп, бағыты белгісіз даңғыл жолға түсіп, дамып келеді. Әрине, өркениет жетістіктерінің арқасында қоғам өмірі айрықша жеңілдеді. Бұрындары арман мен қиял секілді көрінетін кей жағдайлар бүгінде қалыпты өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналған. Осындайда елдің дамуы мен қоғамның гүлденуі үшін тың бастамаларды жүзеге асырып, кемел келешекті қалыптастырудың маңызы айрықша. Жасыратын несі бар, ертеңгі елдің даму бағыты бүгінгі жастардың қолында. Сондықтан да мемлекетімізде өскелең ұрпақтың бәсекеге қабілетті, жан-жақты болып өсуі үшін барлық жағдайлар жасалып келе жатыр.
Мәселен, қазіргі уақытта еліміздің барлық облыстары мен аудандарында жастар орталықтары жұмыс істеп жатыр. Жастар саясатын жетілдіру мақсатында құрылған ұйымдардың көптеген игі іске мұрындық болып келе жатқанына да куә болып келеміз. Мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, жастарды кәсіп бастауға, бизнес жобаларды іске асыруға ынталандыру, жұмыссыздарға жұмыс тауып беруге ықпал ету сынды игі істер де дәл осы орталықтардың еншісіндегі шаруа десек, артық айтқанымыз емес. Бұдан бөлек, жастар соңғы уақытта қоғамда етек ала бастаған жайсыз һәм жат қылықтармен күреске де ауқымды ықпал етіп келе жатыр. Бүгінде ұйымдастырылатын көптеген шараларда ақпараттық-насихат жұмыстары да жүргізілуде. Жуырда осындай маңызы мен міндеті зор шара Шардара ауданында өткен еді. Толығырақ тарқатар болсақ, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен Шардара аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жастар арасында достық қарым-қатынасты нығайту, лудоманияның алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ өскелең ұрпақтың өзіндік шеберлігін көрсете білуіне көмек беру, республикалық, облыстық сайыстарға қатыстырып, шыңдау мақсатында облыстық «Жастар слеті: Тәжірибе алмасу алаңы» атты жастар слетінің ашылу салтанаты өтті. Шараның салтанатты ашылуына Шардара ауданы әкімінің орынбасары Шомпиев Бауыржан мен Түркістан облысы тергеп тексеру департаментінің аға офицері Қарсыбай Гүлзия, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Бектаев Ернар, жастар ұйымдарының басшылары, облыс, аудан, қаладан келген жастар орталғының қызметкерлері, ерікті жастар қатысты.
Аталған шараға қазіргі таңда 200-ге жуық жас қатысып жатыр. Олар Шардара ауданының тарихы көрсетілген көрмені тамашалап, жастардың денсаулығын жақсарту, спортқа деген қызығушылықтарын оятып, шапшаңдыққа, төзімділікке, ептілікке, салауатты өмір салтына тарту мақсатында командалық 4 кезеңнен тұратын эстафеталық сайысқа қатысып, құмнан қалашық тұрғызды. Бұл шараның қатысушылар үшін қызық болғаны айқын. Сондықтан болар, жылы лебіз, жақсы пікір білдірушілердің қатары көп болды. Мәселен, Мақтаарал ауданынан келген қатысушы Жасұзақов Есімхан «Командамызбен бірге әр кезеңнен сүрінбей өтуге тырыстық. Қатысушылардың жеңіске деген ынтасын көріп, біз де жігерлене түстік. Осындай жастардың бірлігін нығайтатын сайыстар көбірек болса деген ойдамын. Жарыстар өте қызықты өтуде» дейді. Бір ерекшелігі, жастар спорттық сайыстармен шектеліп қалған жоқ. Бүгінде қоғамда кеңінен тараған құмар ойынға деген қызығушылық пен оның салдары турасында да кеңінен ақпарат алды. Нақтырағы, жастар слетінде «Лудомания – қоғам дерті» атты семинар-тренинг өтті. Семинар-тренингте мамандар баяндама жасап, жастарды лудоманиядан аулақ болуға шақырды. Нақтырағы, Түркістан облысы тергеп тексеру департаментінің аға офицері Қарсыбай Гүлзия мен «Komek center» тәуелділікті оңалту және емдеу орталығының психологі, педагогика ғылымдарының магистірі, практик психолог Тұрсынбаев Айсұлу Полатқызы сөз сөйлеп, жастарды құмар ойыннан аулақ болуға шақырып, жастарға кеңестермен тимбилдинг өткізді. Өз сөзінде «Лудомания – үлкен дертке айналған қауіпті құбылыс. Жалпы, құмар ойындарының зардабы елдің дамуына кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ықпал ететіндігін нақты ұғынуға тиіспіз. Ел болып, бесігімізді түзетеміз десек, жастарымызға бұл дерттің зиянын барынша ұғындыруымыз қажет. Осы шараны ұйымдастырудағы негізгі мақсат — аудан жастарын құмар ойыннан аулақ болуға шақыру, зардаптары мен салдарын көрсету» деді Қарсыбай Гүлзия.
Спикерлердің сөзінше, соңғы кезде казино, ақшалай ойын автоматтары таралуына байланысты құмар ойындар мәселесі өзекті мәселеге айналып тұр. Қоғам да оларға ешқандай шара қолдана алмайды, себебі азарттық ойындардың көбі заң жүзінде рәсімделген. Қазақстанда орта есеппен 350 мың адам құмар ойынның құрбанына айналса, олардың орташа қарызы 10 млн теңгеден асады. Ал елімізде 10 жұптың 7-еуі құмар ойынның кесірінен ажырасады екен. Ұлттық статистикабюросының мәліметіне жүгінсек, құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша көрсетілген қызметтердің көлемі 2020 жылы 89,7 млрд теңгені құраған болса, 2021 жылы 501,2 млрд теңгеге жеткен, ал 2022 жылы 600 млрд теңгеден асып түскен. Бұл сома еліміздегі бірқатар облыстың жылдық бюджетінен әлдеқайда көп. Ең өкініштісі, көрсеткіштер күн санап өсіп келе жатыр. Бұл – дабыл қағатын мәселе. Мұндай жат қылық, жаман әдетке жастар үйір болмауы тиіс. Өйткені құмар ойынның құрығына түскендердің одан қайта шыға қоюы неғайбыл. Лудоманияның қалыптасу себептері ретінде алкоголизм мен депрессияның көш бастап тұрғаны белгілі болып отыр. Алайда лудомандар санының артуына әсер етуші факторлар бұнымен шектелмейді. Бұл тізімге наркомания, жалғыздық сезімі, әртүрлі психикалық бұзылыстар, оңай олжаға кенелу мен қанағат сезімінің жоқтығы да кіреді. Оңай олжаны сезінгісі келген жандар тек бір рет ойнап, оңай жолмен келген ақшаны еселеп алғысы келеді. Алайда, онлайн казино, автоматты ойындардың барлығының да адамды әуреге салар жері сол. Ең алғашқы жеңіс оңай жолмен және тез келуіне байланысты адамдар осы жеңісті тағы да қайталап көруге тырысады. Бірақ бір рет қана келген жеңіс неше еселеп жеңіліске ұшыратып жатады, соны ескеру керек. Лудоманиядан бас тартып, емделгісі келетін азаматтардың бұл құмар ойындардың шырмауынан шығуы да көп әурешілікке салады. Бір ғана лудоманның бұл дерттен толықтай айығып кетуіне ең кемі 5 ай уақыт қажет болады. Ал тәуелділік деңгейі жоғары болса, жылдар кетуі бек мүмкін. Өзекті мәселеге айналып отырған лудомандардың бұл шырмауға кіруі сәт сағаттың арасында болса да, мұндай арам жолдан толықтай бас тартып кетуі орасан еңбек пен ерік-жігерді талап етеді. Лудоманияның халықаралық аурулар тізіміне еніп отырғандығы да сондықтан.
Қалың оқырманның жадында болса, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мәселенің қоғам үшін өзекті болып отырғанын айтқан еді. Нақтырағы «Сол сияқты тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады» дей келе бұл мәселемен күресу бойынша тиісті тапсырмаларды жүктеген еді. Осының негізінде елімізде арнайы заң жобасы қаралды. Ұзақ талқылаудан кейін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы Парламен Мәжілісі һәм Сенатының депутаттарымен мақұлданып, мемлекет басшысы қол қойды. Жаңа қабылданған Заң 8 кодекс пен 14 Заңның нормаларын қозғайтын тарихта бұрын-сонды болмаған 150 түзетулерді қамтиды. Құжат қабылданғаннан бері 17 жыл ішінде оған мұндай ауқымды өзгерістер енгізілмеген. Заң халықтың сауаттылығын арттыру, жарнаманы шектеу, сапалы медициналық көмек көрсету, мемлекеттік бақылауды күшейту арқылы лудомания проблемасын шешуге бағытталған. Құжатты әзірлеу кезінде Президенттің Қауіпсіздік Кеңесінде және Ұлттық құрылтайда берген тапсырмалары түгелдей ескерілген.
Жаңа түзетулер мен толықтыруларға қатысты ел ішінде пікір білдіріп, қолдау көрсетіп жатқандардың қатары қалың. Мәселен, жуырда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бұл заң жобасының маңызы турасында «Президент лудоманияға қарсы күреске қатысты заң актілеріне түзету енгізу туралы құжатқа қол қойды. Бұл – Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамаларды жүзеге асыру аясында қабылданған бесінші заң. Мемлекет басшысы Атырауда сөйлеген сөзінде лудоманияны әлеуметтік кеселдің бірі деп атап өтті және тиісті нормативтік құжатты Парламенттің қазіргі сессиясының соңына дейін қабылдауды тапсырды. Заң жобасы түрлі пікірталас алаңында талқыланып, оған депутаттар, Ұлттық құрылтайдың және Жастар жөніндегі кеңестің мүшелері қатысты. Мамыр айында заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар бекітіліп, оның ережелері жаңа заңның нормаларымен үйлесім тапты. Парламент депутаттарының ұсынысымен қабылданған бұл құжатта құмар ойындарын ойнауға рұқсат берілген адамдардың санын азайтуды көздейтін жүйелі іс-шаралардың біртұтас кешені қарастырылған. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысуына тыйым салынған. Осы құжатта көзделген негізгі жаңалықтың бірі – Борышкерлердің бірыңғай тізіміндегі азаматтарға қатысты шектеу шараларының енгізілуі. Бұл – 3,5 миллионнан астам адам. Букмекер конторалары мен тотализаторлардың барлық жердегі сыртқы жарнамасына тыйым салынады. Бұдан былай байланыс операторлары ұялы телефонға жарнамасы бар мәтіндік хабарламаны жібере алмайды» деп атап өткен болатын.
Жалпы күллі қоғам болып күресуіміз тиіс мәселені заң тұрғысында ауыздықтайтын бірқатар батыл бастамалар көтерілді. Әрине, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Әрбір өңірде ақпараттық-насихат жұмыстарын кеңінен жүргізе беруіміз тиіс. Өйткені көптеген азаматтар құмар ойындарының зарары мен зардаптарын толыққанды біле бермейді. Тіпті, бүгінгі күнде мұны әдеттегі қызығушылық ретінде қабылдайтындар да баршылық. Сондықтан ақпараттық-насихат жұмыстарының маңызы айрықша. Осы тұста айта кетерлігі, Түркістан облысында жыл басынан бері бұл бағытта ауқымды шаралар атқарылды. Түрлі сала мамандарынан жасақталған топ мектептерге, орта арнаулы оқу орындары мен жоғары оқу орындарына арнайы барып, құмар ойындары турасында кеңінен ақпарат берді. Бұл ғана емес, құқық қорғау саласының қызметкерлері шалғайда жатқан елді мекендер мен аудан орталықтарында да түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Лудоманияның алдын алу мақсатында бос уақытты тиімді ұйымдастыруға ықпал ететін түрлі спорттық шаралар өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан атқарылып жатқан шаралардың өзі шаш-етектен. Бір сөзбен айтқанда, қауіпті мәселемен күрес шаралары күнгейде қарқын алып отыр. Жүзеге асар жұмыстар мұнымен шектеліп қалмақ емес. Жастар орталықтары бұл бағыттағы жұмыстарды үдетіп, жемісті нәтижеге жетуге ықпал ете бермек. Жоғарыда біз сөз еткен шара – мұның айқын айғағы.