ПОЧИВАЛОВ МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕШЕЛІК ӘРІПТЕСТІКТІ ПАЙДА ТАБУ ТЕТІГІНЕ АЙНАЛДЫРЫП АЛҒАН ЖОҚ ПА?

Мемлекеттік және жекешелік әріптестік аясында қолға алынған әрбір бастаманың нәтижесі болуы тиіс. Жемісті жұмыс атқарылса, әріптестікті әрі қарай нығайтуға болады. Керісінше, қыруар қаражаттың қайда кеткені нақтыланбаса, сенім артудың қажеті жоқ. Мұны тектен-текке жазып отырмағанымыз белгілі. Жуырда Шымкент қаласы мәслихатындағы бірлескен комиссиялардың отырысында дау тудырған жайт орын алды.

Нақтырағы, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы мемлекеттік және жекешелік әріптестік бойынша бюджеттен 1 млрд 422 млн 772 мың теңге сұрауды жоспарлап отырған көрінеді. Бұл қаржы ату спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін ұйымдастыруға жұмсалуы мүмкін. Сырт көзге сын болатын әрекетті аңғармаймыз. Әйткенмен астарын ақтарсақ, күмәнді жайттарды айқын аңғарамыз. Бұл туралы Шымкент қаласы мәслихатының бірлескен комиссия отырысында мәслихат депутаты Талғат Балтабаев айтты. Нақтырағы, қаражат сұралуы мүмкін екенін алдын ала дөп басты десек те болғандай. Сөзінше, «Olympic.kz» ЖШС-на бұған дейін мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 7 жылға 2 млрд 169 миллион теңгеден астам қаражат қаралған. Бір қызығы, 2022 жылы сессияда депутаттар бұл бастамаға қарсылық танытып, қаражатты бөлмеуге бекінеді. Әйткенмен араға бірнеше күн салып, қайта сессия өтеді де сол уақыттағы қала әкімінің орынбасары болған Мақсұт Исахов (істі болып, 8 жыл 5 айға сотталған қала әкімінің бұрынғы орынбасары) араша түсіп, бастаманың сәтті де пайдалы боларына халық қалаулыларын сендіріп, қаржының қаралуына мұрындық болады. Осылайша, 2023 жылы алғашқы 350 млн теңге шамасында қаражат бөлінеді. Қызығы сол, бастапқыда атқарылған істердің есебі 3 ай сайын берілуі тиіс екенін халық қалаулылары бір емес бірнеше рет кесіп айтқан. Дегенмен арада бір жылдан астам уақыт өтті. Есеп берілмеген. Ол ол ма, бөлінген қаражатқа Қазығұрт шағынауданындағы балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулуға тиіс еді. Әйтсе де халық қалаулылары спорт мектебіне барып, шәкірттерімен сұхбаттасқанда сырттан келгендердің көбін айтып қалған. Депутаттың сөзінше, біз сөз етіп отырған шағынауданның балалар жалпы шәкірттердің шамамен 10-15 пайызын ғана құрауы мүмкін. Осыншама шикіліктердің барын айтып, мәселенің астарын ақтарған мәслихат депутаты тексеру мен қадағалаудың қажет екенін алға тартқан болатын.
«Olympic.kz» ЖШС-ның құрылтайшысы — бұған дейін қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарып, басы дауға қалған Олег Почивалов. Демек саланың қыр-сырына қанық адам бүгінде мемлекетпен әріптес ретінде жұмыс істеп отыр. Алайда жоғарыда сөз еткен себептерді ескерсек, көкейде күмәннің туары белгілі. Жалпы Қазғұрт шағынауданында қанша бала мен жасөспірім бар? «Olympic.kz» ЖШС оның қанша пайызын қамтыды? Мұның барлығын халыққа ашық та айқын айтуымыз, көрсетуіміз керек. Бүгінде оны әлеумет тұрмақ, халық қалаулыларының өзі білмейді. Бір сөзбен айтқанда, санамызда сан түрлі сауал кілкіп тұр. Сондықтан Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Қасымбекұлы Мұқановтың дәл осы мәселені назарға алуын сұраймыз. Өйткені мекеме алған міндеттемелері мен келісімшартта көрсетілген талаптарды толықтай орындап жатыр ма деген заңды сауалдың жауабы болуы тиіс. Әрине, бұл материал арқылы біз сөз етіп отырған «Olympic.kz» ЖШС тарапынан заң бұзылды, жемқорлық фактісі болды деп отырғанымыз жоқ. Әйткенмен қыруар қаражат қаралған жобаның нәтижесі тиісті сала органдары тарапынан қадағалануы, тексерілуі тиіс деп білеміз. Өйткені қазіргідей жауапты кезеңде бюджеттен бөлінетін әр тиынның сұрауы болуы шарт!

Н.НАМАЗ.