ИДЕОЛОГИЯ САЛАСЫНДА ТӘЖІРИБЕСІ ЖОҚ КАДР ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ҚЫЗМЕТІН ИІРІП ӘКЕТЕ АЛА МА?

Бүгінде әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұр. Мұны жіті түсінгендер бұқараның пікірін білу үшін түрлі дереккөздер арқылы ақпарат таратып жатады. Жуырда осы бір тәсілді еске түсірген дерек тарады. Оған сенсек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалуы мүмкін. Бұл тағайындау бола қалған жағдайда қазіргі мәжілісмен мегаполистің идеологиясына жауап бермек. Қош делік, ендеше елді елеңдеткен жаңалықты саралап көрейік…

Жалпы идеология қаншама жылдан бері иі қанбай келе жатқан салалардың бірі десек, артық айтқанымыз емес. Бүгінде әлеуметті елеңдеткен сан түрлі түйткіл бар. Оның ішіне жат ағым да, қылмысқа бейім жастар да, қоғамның санасына шырмалған жемқорлық сынды мәселе де кіреді. Әрине, тегін түгендеп тізе берсек, шыға берері айқын. Әйткенмен айтпағымыз ол емес. Қазірде бұқараның билікке деген сенімі сетінеп, көңіл-күйі алабұртып тұр. Әлеуметтік желідегі жұрт та қызылкеңірдек болып, әлдебір тақырыптарды қызу талқылап жатады. Аңғарғанымыз, ұлттық деңгейдегі идеология әлсіреп тұр. Мұның себебі ретінде тәуелсіздік жылдары ішінде ұрандатқан ұлттық идеологияның іс жүзінде нәтиже бермеуін айтуға болады. Демек саланың тынысын аша алмаудың арты сапалы кадрға барып тіреледі. Енді өңірімізге ойыссақ, қалада қаншама ұлт пен ұлыс тұрады. Оның бірлігін бекіте түсу қажет. Лудомания, нашақорлық сынды етегін кеңге жайып бара жатқан түйткілдер жетерлік. Масылдық психология да соңғы кезде қылаң бере бастады. Түптеп келгенде, мұның тамыры идеологияда жатыр. Ал осыншама маңызды да ауқымды саланы есімі әлеуметтік желіде сөз болған мәжілісмен Мақсат Толықбай игере ала ма?
Мәжіліс депутатының өткеніне көз жүгіртсек, журналистика, құқықтану мамандықтары бойынша білімі барына көзіміз жетеді. Әлеуметтану ғылымдарының магистрі екенін де жаза кетейік. Еліміздегі бірнеше арнада жұмыс істеген. Жаңалықтар қызметінде, апталық-сараптамалық хабарда, саяси-қоғамдық ток-шоуда еңбек еткен. Қазақстан Президентінің БАҚ саласындағы грантының иегері екенін де ұмытпайық. «Үздік тележүргізуші-2016», «Халық сүйіктісі-2020», «Адал тұлға-2021» аталымдары бойынша жеңімпаз болған. 2021 жылы «Құрмет» орденіне лайық деп танылды. Қош делік, қарап отырсақ, адам баласы қызыға қарайтын бірқатар жетістіктері бар. Дегенмен мұның бәрі журналистикадағы еңбегі үшін берілгенін естен шығаруға болмайды. Ал саяси сахнадағы қызметі 2023 жылғы 28 наурыздан басталды. Яғни сол уақытта партиялық тізім бойынша сегізінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Иә, мәжілісмен ретінде ел-елді аралап, халықпен жұмыс істегенін көз көрді. Ақпар беріп, әлеуметті алаңдатқан сауалдарға жауап беріп отырды. Мұның өзі Мақсат Толықбайдың журналистика саласының мықты маманы екенін тағы бір еске салды. Енді саясаттағы карьерасы гипержылдамдықпен өсіп, еліміздегі үшінші мегаполисте әкім орынбасары болуы мүмкін деген сыбыс желіде желдей есіп жүр.
Жалпы бұл азаматтың өмірдерегі идеология саласында тәжірибесі жоғын көрсетеді. Халықпен жүздесіп, мәселесіне құлақ асу оңай, ал қоғам біле бермейтін, жүйкені жүндей түтетін идеологиялық жұмыстарды іліп әкетіп, істі дөңгелету қиын. Қала берді, өзге өңірлер секілді Шымкенттің өзіне ғана тән ішкі мәселелері де баршылық. Оны түсінуге, бір ізге келтіруге тағы да уақыт қажет. Мерзімді біз бергенімізбен, бұқараның күтпесі анық. Шымкент мемлекеттік қызметшілерді өсіретін, тәжірибесін толықтырып, басынан сыйпап шығарып салатын тәжірибе алаңы емес. Мұнда миллионнан аса халық тұрады. Тіпті, кейбір облыстарда мұндай халық жоқ. Дәл қазіргі уақытта қалаға сұрайтын емес, сұрау салатын, білмейтін емес, білімімен бөлісетін, тәжірибе жинайтын емес, істі іліп әкететін білікті кадр қажет. Осыны ескерсек, Мақсат Толықбайдың келе қоюы екіталай тәрізді. Қара сөздің қадірін жақсы білетін мәжілісмен «көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген қазақтың аталы сөзін айқын біледі деп ойлаймыз…

P.S.
Қазіргі уақытта идеология саласына қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек кураторлық етеді. Міне, бұл кадрдың тың бастамалары турасында бұған дейін бір емес бірнеше рет естіген едік. Біздіңше, істі иіріп әкетуге қауқары да, білімі де, тәжірибесі де жетеді. Қаланың ішкі саясатымен де танысып үлгерді. Бәлкім, идеология саласына сырттан кадр іздемей, іштен тапқанымыз жөн де шығар…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.