БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ЖЕМҚОРЛЫҚ БІРНЕШЕ ӨҢІРДЕ ӨРШІП ТҰР

Сыбайлас жемқорлық – қоғамның алға жылжуына кедергі болатын ең үлкен мәселенің бірі. Соңғы уақытта заңнан аттап, қара бастың қамын күйттегендердің біразының айыбы ашылып, темір торға тоғытылды. Дегенмен көрсеткіштер әлі де жоғары. Мәселен, білім беру саласында жасалған сыбайлас жемқорлық әрекеттерден мемлекетке былтырдан бері 15,1 млрд теңге шығын келген. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров айтып берді.

Оның сөзінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы жүйелі жемқорлық фактілерінің жолын кесу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. 2023 жылдың басынан бері осы салада барлығы 229 қылмыстық іс тіркелген. Жымқырудың ең көп сомасы Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе облыстары және Алматы қаласында анықталған. Осы уақыт аралығында 317 тұлға қылмыс үстінде әшкереленіп, оның ішінде 144 адам сотталған.
Қош делік, елімізде білім саласын дамыту бойынша қазынадан қыруар қаражаттың бөлінері айқын. Әйткенмен оның барлығы тиісті жерге қажет мөлшерде барып жатыр дегенге күмән көп. Өйткені ресми статистика осыны дәлелдеп отыр. Қалың оқырманның жадында болса, бұған дейін күнгейдегі бірқатар аудандарда құқықбұзушылықтар анықталып, мемлекетке келген шығын көлемі айтылған еді. Демек салада жемқорлық әлі де болса өршіп тұр. Жағдайдың жақсы жаққа өзгере қоймағанының өзі саладағы құқықбұзушылықпен күрестің тиісті деңгейде жүргізілмей жатқанын не болмаса жазаның жеңілдігін айғақтаса керек.

Ж.БАЛАУСА.