НҰРСАДЫҚ ЕРГЕШБЕК ҚЫЗМЕТТЕН КЕТТІ

қала әкімі орынбасарының жайлы орыннан жылжуына не себеп болуы мүмкін?

Шымкентте кадрлық ауыс-түйіс соңғы уақытта жиіледі. Мәселен, жуырда ғана қала әкімінің орынбасары қызметін атқарған Нұрсадық Ергешбек басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметтен кетті. Қалың оқырманның жадында болса, бұған дейін газетімізде «КӨПКЕ КӨРІНБЕЙТІН «КАБИНЕТШІЛ КАДР» немесе Нұрсадық Ергешбек қала әкімінің орынбасары болуға лайық па?» атты мақала жариялаған едік. Міне, сонда бұл кадрдың қызметін саралап, әкім орынбасары ретінде қыруар іс атқарарына күмәнмен қараған болатынбыз. «Айтқанымыз айдай келді» дегеннен аулақпыз, әйткенмен көпке бармағанын көзіміз көріп отыр.
Шымкент қаласы әкімдігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, бұл кадр Энергетика және инфрақұрылымды дамыту, Құрылыс, Қалалық орта сапасы және бақылау, Қалалық жайлы ортаны дамыту және Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларына кураторлық етті. Бір қызығы, биыл жауын салдарынан шаһардағы бірнеше жерді су басып, әлеуметті әлекке салғаны белгілі. Мұның өзі салаға кураторлық ететін кадрға деген сенімсіздікті туғызды ма екен деген күдік бар.
Әрине, біздікі айқын ақпар емес, тұспал ғана. Дегенмен қызметке келгеніне көп бола қоймаған азаматтың аяқасты кетуіне ауқымды себеп болуы керек қой. Бәлкім, жемқорлықты жоюды басты мақсаты еткен қала әкімі Ғабит Сыздықбековпен ойы үндес, пікірі ұқсас болмады ма екен. Қанша десек те, мұның себебін қала әкімі мен қала әкімі аппаратындағы ат төбеліндей топтың ғана білетіні айқын!

Ж.БАЛАУСА.