АШЫҚ АЛАҢ ОЙЫНДАРЫНА 2 МЫҢНАН АСТАМ ТҰРҒЫН ҚАТЫСҚАН
Салауатты өмір салтын сақтау – көптеген дерттің алдын алады. Сондықтан елімізде бұқаралық спортты дамыту мақсатында қолға алынып жатқан шаралардың қатары қалың. Мәселен, бұдан біршама уақыт бұрын Түркістан қаласында ашық алаң ойындары басталған еді.
Шара қазіргі уақытта да жалғасын тауып жатыр. Бұқаралық спортты дамытуды көздейтін шара түркістандықтар арасында да кеңінен таныла бастады десек, артық айтқанымыз емес.
Түркістан қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Динара Джіпсібаеваның сөзінше, ашық алаң ойындары басталғалы 2000-нан аса түркістандық қатысып, белсенділік танытқан. Қала әкімінің тапсырмасымен жүзеге асқан жобаның мақсаты – балалардың жазғы демалысын пайдалы өткізумен қатар, тұрғындар арасындағы бұқаралық спортты дамыту, ұлттық спорттық ойындарды дәріптеу. Мамырда бастау алған жоба аясында қатысушылар футбол, стритбол, белтемірге тартылу мен секіргіште секіру, сонымен қатар халық арасында кең тараған асық ату, ләңгі тебу сынды ойын түрлерінен бақ сынап жатыр.
Осы орайда, кесте бойынша жарыстың кезекті ойыны қаладағы Шауғар мөлтекауданы, М.Мақатаев көшесіндегі ашық алаңында өтті. Онда 150-ге тарта сектор тұрғыны қатысып, жүлделі орындарды бөлісті. Алдағы уақытта белтемірге тартылу, стритбол, асық атудан өтетін кезекті жарыс Сауран секторындағы «Отбасы» саябағында ұйымдастырылады.