ТҮРКІСТАНҒА КЕЛЕТІН ТУРИСТЕР САНЫ АЙТАРЛЫҚТАЙ АРТҚАН

Түркістан қаласының сәулеті күн сайын арта түсуде. Сондықтан болар тарихи қалаға саяхаттап келетіндердің саны артып барады. Жуырда облыс әкімі Дархан Сатыбалды тарихи шаһардың халқымен есептік кездесу өткізген болатын. Міне, сонда дамудың даңғыл жолына түскен тарихи шаһардың жеткен жетістіктері мен қолға алынған бастамалар жайы сөз болды. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…

Әуелі облыс әкімі шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбековтың 2024 жылдың алғашқы 4 айында атқарған жұмыстарының қорытындысы негізінде дайындалған баяндамасын тыңдады. Қала әкімінің дерегіне сүйенсек, қала аумағы соңғы үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайып, халық саны 230,2 мыңға жетті. Жыл басынан бері Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристердің саны 326 мың адамнан асып, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 37,6 пайызға өсті. Шетелдік туристер саны 4,3 мың адамға жетті, яғни өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 58,1 пайызға артқан. Бұл ғана емес, қалада тұрғын үймен қамту көрсеткіштері артып келе жатыр. Мәселен, ағымдағы жылы 4 мыңға жуық тұрғын қоныс тойын тойлаған. Жыл соңына дейін жалпы алаңы 400 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріледі. Тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестиция көлемі 14,5 млрд теңгені құрап отыр. Қазіргі таңда Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 16 645 азамат тұр.
Бұдан бөлек, биыл кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында баспана сатып алуға қаржы қарастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол бойынша «Отбасы банк» арқылы 66 көпқабатты тұрғын үйден 3317 пәтер сату жоспарланған.