ТАРИХИ ЖӘДІГЕРЛЕРДІ «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ» ОРТАЛЫҒЫНАН КӨРУГЕ БОЛАДЫ

Түркістан – тарихи қала ретінде туристер арасында кең танымалдыққа ие болып келе жатыр. Сәйкесінше, соңғы жылдары қаладағы мұражайларға тарихи жәдігерлерді өткізетін тұрғындардың саны арта түсуде. Мәселен, 2011 жылы Түркістан қаласында ашылған Тарихи-мәдени этнографиялық қорына кентаулық тұрғын Сағымбай Жанұзақұлы пәуеске тапсырған болатын.

Қазір бұл көлік түрін туристер «Ұлы Дала Елі» Орталығынан тамашалай алады. Пәуеске — ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қолданыста болған тарихи көлік түрі. Қарапайым тілмен айтқанда, үсті жабық, төрт доңғалақты арба. Оны өз дәуірінде ұзақ сапарға шыққанда пайдаланған. Бір ерекшелігі – арнайы бойлық бекітпелері болған. Ол жол барысында арбаны сілкінуден сақтаған. Көлік түріне бір мезетте 3-4 адам отыра алады. Пәуескеге екі атты бойлық жолақтар арқылы бекіткен. Орындықтың алдыңғы және артқы орындықтары, сонымен бірге корпустары былғарыдан жасалған. Арбаны қолданысына қарай ат арба, өгіз арба, түйе арба деп жіктеген. Олардың әр қайсысының көлемі мен пошымы әртүрлі болып келеді.
Енді бұл жәдігер туристер назарына ұсынылып отыр. Өткен ғасырларға сапар шегіп, пайдаланылған тұрмыстық заттарды тамашалау үшін «Ұлы Дала Елі» Орталығына бару жеткілікті. Мұнда біз сөз еткен тарихи жәдігерден бөлек, өз заманынан сыр шертетін түрлі заттар бар.