САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ ШАРАСЫ ӨТТІ

Өткенге көз жүгіртсек, қазақтың кіл мықтыларының зобалаң мен зорлықта жүріп, бұлыңғыр һәм буалдыр кезеңдерді бастан өткергеніне көзіміз анық жетеді. Ұлтымыздың зиялылары саяси қуғын-сүргіннің кесірінен отбасынан ғана емес, елінен де безіп, жат жерге жер аударылды. Әйткенмен ұлттың санасында, елдің тасқа таңбаланған төл тарихында олардың есімі алтын әріппен қалды. Осы орайда, жыл сайын Қазақстанда 31 мамыр күні саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні өтеді.

Биыл да бұл маңызды датада еліміздің барлық өңірінде тың бастамалар көтеріліп, бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, Түркістан қаласындағы Сұлтанбек Қожанов еркерткіші маңында еске алу шарасы өтті. Оған еңселі ескерткіш орнатылған тарихи тұлғаның немересі, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, сонымен қатар қалалық мәслихат депутаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиын барысында сөз алған қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев «Бұл күн — біз үшін өткенімізге қарап сабақ алатын, ұлағатын ұғынатын күн. Біз осындай талайлы тарихты бастан кешкен ел ретінде тұлғалы азаматтарымыздың ғылымның, білімнің, өркениет пен мәдениеттің, ұлттың сақталуы жолында жасаған қадамдары мен еткен еңбектері ұмытпауға тиіспіз» деп атап өтті.
Рәсім соңында саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған азаматтар бір сәт еске алынып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Өткенге көз жүгіртсек, жиырмасыншы ғасырда бас-аяғы 3 миллионнан астам күнәсіз азамат қуғын-сүргінге ұшырады. Оның ішінде 600 мыңға жуығы өлім жазасына кесілді. Саяси астармен 100 мыңнан аса адам сотталып, 25 мыңы ату жазасына кесілді. Олардың қатарында ұлт тарихында есімі қалған Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сынды тұлғалар бар.