МЕРЕКЕЛІК ШАРА БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні әлемдік деңгейде аталып өтеді. Бұл күн қоғамның назарын балаға бұру мақсатында атаулы даталар тізіміне еніп отыр десек, артық айтқанымыз емес. Жаһанда түрлі қысым мен зорлықтың құрбаны болатын бүлдіршіндер көп. Олардың құқығын қорғау бүгінде өзекті мәселеге айналып отыр.

Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде қолға алынып жатқан шаралардың ауқымы кең. Қазіргі таңда өскелең ұрпақтың құқығын қорғаумен қатар, жан-жақты дамуына барлық жағдайлар жасалып отыр. Атқырылып жатқан жұмыстар да басты бақылауда. Осы орайда, атаулы дата қарсаңында елімізде балаларға қуаныш сыйлайтын түрлі шаралар ұйымдастырылады.
Биыл да жылдағы дәстүр бойынша бірқатар тың шаралар өтті. Мәселен, Түркістан қаласы әкімінің қолдауымен 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, «Балалық шағым – бал шағым» мерекелік іс-шарасы ұйымдастырылды. Онда Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков балаларды мерекемен арнайы құттықтап, ізгі тілегін арнады. Сонымен қатар шара барысында сөз алған Оқушылар сарайының директоры Индира Икапова да ақжарма тілектерін жаудырды. Бұл күннің балалардың есінде мәңгілік қалары анық. Қызық мен думанға толы шарада келген әр балаға аквагрим жасалды. Шара аясында ерекше балалардың қолөнер жәрмеңкесі өтті. Содан соң цирк өнерін тамашалады. Әрі қарай Оқушылар сарайының өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты. Балалар мерекені сезіну үшін түрлі қызық ойындар ұсынылды. Асфальтқа сурет салу да қамтылды. Кеш соңында балалар ашық аспан астында «Өрмекші адам» фильмін тамашалап, демеушілер сыйлаған балмұздақтан дәм татты.
Айта кетейік, 1 мамыр – Халықаралық балаларды қорғау күні – балаларды соғыс қаупінен қорғау, денсаулығын сақтау мақсатында атап өтілетін халықаралық мейрам. Бұл атаулы дата алғаш рет 1950 жылы тойланды. Міне, сол уақыттан бері жыл сайын ұйымдастырылып келе жатыр.