ЕЛІМІЗДЕ ЖЫЛ САЙЫН 2,7 МЛН ТОННА СҮТ ӨНДІРІЛЕДІ

саланың әрі қарай дамуын не тежеп отыр?

Бүгінде сауда сөрелерінде шетелдік тауарлар самсап тұр. Оның ішінде ел тұрғындары жиі алатын сүт өнімдері бойынша отандық өндірістің әлеуеті біршама жоғары болғанымен, әлі болса өзге елдерден келетін тауарлар көп. Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан мәліметтерге сүйенсек, елімізде жыл сайын 2,7 миллион тонна сүт өндіріледі. Дегенмен мұның өзі ішкі нарықтан импортты ығыстырып шығаруға қауқарлы емес. Ал отандық өндірістің әлеуетін әрі қарай арттыруға кедергі болатын факторлар бар. Тарқатайық…

Қазіргі уақытта мал шаруашылығы өнімдерін өңдеудегі негізгі бағыттардың қатарына сүт, ет, тері және жүнді қайта өңдеу жатады. Оның ішінде сүт өндірумен айналысатын 180 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Өткен жылы олар жалпы сомасы 584,8 млрд теңгенің өнімін өндірген. Десе де бұл әлі де болса жеткіліксіз. Өйткені жоғарыда атап өткеніміздей, саланы дамытуға кедергі болатын факторлар бар. Оның ішіндегі негізгісі – шикізаттың жеткіліксіздігі мен қымбаттығы. Мұны Ауыл шаруашылығы министрлігі де мойындап отыр.
Осы орайда, жауапты министрлік отандық өнімнің әлеуетін арттыру бағытында бірқатар бастамаларды қолға алып отырған көрінеді. Мәселен, импортты алмастыру және отандық сүт өнімдері қуатын арттыруда Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша жобалар іске асырылып жатыр. Жобаларды іске асыру 115 ірі тауарлық-сүт фермасын құруға, отандық сүт зауыттарын сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге және сүт-шикізатының жеткіліксіздігі проблемасын шешуге мүмкіндік береді. Демек алдағы уақытта импортқа кіріптарлық азаюы мүмкін. Десе де арқаны кеңге салуға әсте болмайды. Өйткені қаншама тың бастаманың жол ортасында қалып, жүзеге аспай қалғанын көзіміз көріп келеді. Бұл дегініміз, мәселенің шешілуі уақыттың еншісінде қалып отыр дегенді айғақтаса керек…

С.НҰРАЙ.