МЕДИЦИНА САЛАСЫНДА МАМАН ТАПШЫ
дерек пен дәйек не дейді?
Бүгінде адам жанын аурудан арашалайтын ақ халаттыларға деген қоғамның құрметі жоғары. Өйткені жаһанды жайлаған пандемия кезінде қоғам білікті дәрігерлердің өз өмірін қатерге тігіп, науқастың жанын аман алып қалу үшін барын салғанын көрді, жұмыстарының ауыр екенін аңғарды. Сондықтан бұл салаға бөлінер көңіл де, қаржы да артты. Әйткенмен елімізде бүгінгі таңда дәрігерлер тапшылығы айқын сезіліп отыр. Бұл үрдісті күллі жаһанға ортақ мәселе деуге де болады. Қазір әлем мемлекеттері бұл түйткілдің түйінін ағытуға барын салып жатыр. Ол қатарда Қазақстан да бар.
Денсаулық сақтау министрлігінің 2023 жылы қазанда ұсынған дерегіне қарасақ, елімізде орташа дәрежедегі мамандарды есепке алмағанда 3,9 мың дәрігер жетіспейді. Салыстырар болсақ, кейінгі 9 жылда тапшылық деңгейі айтарлықтай азаймай отырғанын байқаймыз. Мәселен, 2015 жылы 4 мың, 2018 жылы 3,1 мың, 2020 жылы 4,2 мың, 2023 жылы 3,9 мың дәрігерге қажеттілік болған. Яғни әр жылдары 3-4 мың шегінде құбылады. Мұның себебін сарапшылар бірнеше факторға әкеп тірейді. Оның бірі – жалақының аздығы. Яғни мемлекеттік мекемелерде айлық ақының аздығынан, көптеген білікті кадрлар жекеменшік клиникаларға кетіп тынады. Екіншіден, дәрігерлер әлеуметтік пакеттен құр қалып отыр. Сондықтан жас кадрлардың баспанамен басы қатады. Ал мемлекеттік бағдарламамен ауылдарға барған мамандарды жергілікті әкімдіктер үймен қамти алмай жатыр. Бұл да – өзекті түйткіл. Рас, биылдан бастап қана ауылдарға барған дәрігерлерге 8,5 млн теңгені құрайтын бір реттік төлем берілетін болды. Бастама жағдайды жақсартқанымен, түбегейлі шешеді деуге әлі ерте. Тағы бір себеп – жастар оқуды бітіргеннен кейін қалада қалуды құп көреді. Яғни болашағын ауылмен я болмаса ауданмен байланыстырмайды. Бұл да мәселені ушықтырып отыр.
Осы тұста мемлекеттік білім гранты арқылы жыл сайын жүздеген маманның даярланып жатқаны ойымызға оралары анық. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігі былтыр аса тапшы мамандықтардың орнын толтыру үшін 6 мың білім беру грантын бөлген. Жалпы, 2023 жылы жоғары оқу орнын аяқтап, 7 мың жас дәрігер атанып шығыпты. Оның 3 мыңнан астамы әр өңірдегі емханаларға жұмысқа орналасқан. 601 маманға қосымша үстемақы төленсе, 384 қызметкер тұрғын үймен қамтылып, 74 дәрігерге қолдау көрсетілген. Бұл деректердің өзі біз сөз еткен әлеуметтің пакеттің жоқтығы сынды күрделі мәселенің ушығып тұрғанын аңғартады. Жалпы көп жағдайда жоғары оқу орнын медицина саласындағы мамандықтар бойынша грант негізінде оқыған жастардың 90 пайыздан астамы жұмысқа орналасады деген дерек жиі айтылып жүр. Дегенмен кейбір сарапшылар мұны медицина саласында грант негізінде оқыған жастардың кемі 3 жыл дәрігер болып жұмыс істеуге міндеттелуіне байланысты екенін алға тартады. Яғни межелі уақыт өткеннен кейін жас кадрлар өзге салаға ауысып кете барады. Осылайша, еліміздегі дәрігерлер тапшылығы соңғы бірнеше жыл ішінде шешімін таппай келе жатыр. Бұл ахуалды шекара асып, шетке кеткен білікті мамандар күрделендіріп отыр. Мәселен, 2017-2020 жылдар аралығында 3,5 мың дәрігер шетелге көшіп кеткен. Осының өзі көп нәрседен хабар береді деген ойдамыз.
Жалпы орташа дәрежедегі мамандарды есепке қосатын болсақ, Қазақстан 9 мың ақ халаттыға зәру. Көрші Ресейге 93 мыңға жуық, ал кәрі құрлық елдеріне 2 млн маман жетіспейді, соның ішінде Германияда тапшылық көп – 400 мың шегінде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2030 жылға қарай жер жүзінде 15 млн медицина маманы тапшы болатынын болжап отыр. Демек саладағы жағдайды қазірден түзеуге тырыспасақ, ұтылғанымыз ұтылған. Бір ғана нәрсе анық, дәрігердің жайын жасамаған қоғамда білікті кадрлардың алды шетелге ағылады, өзгесі нәпақасын басқа саладан табуға тырысады. Бұдан түптеп келгенде ұтылатын – халық.
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.