АҚПАРАТТЫҚ-НАСИХАТ ЖҰМЫСТАРЫ «ДАРЫН» КОЛЛЕДЖІНДЕ ЖАЛҒАСТЫ
Соңғы уақыттағы қоғамдағы ең өзекті мәселе – лудомания. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда бесіктен белі шықпай жатып-ақ құмар ойындардың шырмауына түсетін жастар көп. Оларды былай қойғанда, ойынқұмарлыққа салынып, барынан айырылып, қарызға батқан азаматтар да жетерлік. Бүгінде мұны қалыпты үрдіс санау – үлкен зардаптар әкелуі мүмкін. Сондықтан оның алдын алу бағытындағы шараларды бір сәтке болсын тоқтатпау қажет. Өйткені ресми статистика осыны дәлелдеп отыр. Құмар ойындарында жыл сайын миллиардтаған теңге айналымда жүреді. Осының өзі-ақ қоғамның мұндай кеселді дүниеге қаншалықты шырмалып қалғанын айғақтаса керек.
Жалпы былтырғы жылмен салыстырғанда жағдай ушыға түскен. Мұны сарапшылар растап отыр. Сондықтан еліміздің түкпір-түкпірінде ойынқұмарлықпен күрес шаралары қарқын алып келеді. Оның ішінде Түркістан облысында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Жыл басынан бері орта білім мен орта арнаулы білім беру ұйымдарында түрлі кездесулер өткізіліп, ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар белсенді түрде жалғасын тауып келеді. Мәселен, жуырда лудоманияның алдын алу мақсатында Түркістан қаласы Ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» «Дарын» колледжінде кездесу өткізді. Кездесуге Түркістан қаласының құрметті азаматы, Аналар кеңесінің мүшесі Баян Адырбекқызы, Түркістан қалалық емханасының акушер-гинекологы Әмірханова Жазира, Түркістан қалалық емханасының психологі Анапия Мадина, Түркістан қаласы ішкі саясат бөлімі Жастар ресурстық орталығының психологы Нысанбаева Динара, Түркістан ҚПБ ЖПҚб ЮПТ полиция майоры Қойлыбеков Қуаныш қатысты. Сала мамандары ойынқұмарлардың көптігі мен лудоманияның зардаптары турасында кеңінен ақпарат берді.
Түркістан қаласының құрметті азаматы, Аналар кеңесінің мүшесі Баян Адырбекқызының айтуынша, құмар ойынның құрығына ілігетіндер саны жыл сайын артып бара жатыр. Мәселен, 2019 жылмен салыстырғанда құмар ойындар мен бәс тігу қызметтерінің көлемі 40 есеге өскен. Соңғы 2 жылда құмар ойындар нарығы жылжымайтын мүлік нарығын басып озып, қазақстандықтар ең көп жұмсайтын жетекші орынға ие болды. Өткен жылдың бірінші тоқсанында ғана халықтың шығыны 100 млрд теңгеден асты. Бұл кітапханалар мен мұражайларға қарағанда 70 есе, шығармашылық пен өнерге қарағанда 50 есе, IT қызметтеріне қарағанда 5 есе және жылжымайтын мүлік операцияларына қарағанда 2 есе көп. Осының өзі ойынқұмарлықтың адамға ғана емес, жалпы елге, қоғамға зиян екенін айғақтайды. Спикердің сөзінше, қазақ халқы баланы «жаман болады», «ұят болады», «обал болады» деген үш қана сөзбен тәрбиелеген. Бүгінде бұл ақыл-кеңестердің мән-мағынасы жоғалып бара жатыр. Баланың тілі шыға бастаған уақытта ата-анасы, қала берді, ата-әжесі жақсы мен жаманды, обал мен ысырапты, ұят пен арды ұл-қызына ұқтырып өссе, есейгенде мұндай өзекті мәселелерге душар болмас еді. Бір түптеп келгенде отбасы институтына келіп тіреледі. Біз көп жағдайда, мәселенің себебімен емес, салдарымен күресеміз. Бала шалыс басса, түсіндіру орнына төпелей кетеміз, сондықтан да ата-анасына жақын болмаған баланы көше тәрбиелейді. Көше тәрбие берсе, ұрпақ көшеге ұмтылып тұрады. Мұның салдарынан ойын автоматтарына, казиноларға тәуелді болып шыға келеді. Сондықтан тәрбиенің басы талбесіктен басталуы керек. «Бала тәрбиесі — ата-ана үшін күрделі де жауапты іс. Қай халық болсын ұрпағының тәрбиесіне терең мән беріп, болашағына үнемі алаңдаушылықпен қараған. Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек деген ойшыл ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі…» демекші ұрпақ тәрбиесінде балаға білімнен бұрын тәрбие беру маңызды екенін дәлелдеген. Адамгершілік негізі — имандылық пен ізеттілікте. Ол әрбір отбасынан басталады. Осыны жадында тұтқан қазақ халқы жастарды кішіпейілділікке, ізеттілікке, инабаттылыққа тәрбиелеуді бірінші міндет деп санаған. Халқымыз «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» дейді. Ата-ананың үйдегі іс-әрекеті балалардың көз алдында өтеді. Сондықтан жақсы мен жаман әдетіміздің бала тәрбиесіне әсері зор. Бүгінгі бәсекеге қабілетті талап еткен қоғамда жас ұрпақты сол қоғам мүддесіне сай, оның мұң-мұқтажын өтерлік, елін, жерін, халқын көзінің қарашығындай қорғайтын ұлтжанды, кісінің ала жібін аттамайтын иманды азамат етіп тәрбиелеуіміз қажет. Ол үшін бүгінгідей лудомания сияқты өзекті мәселемен күресу керек» деп түйіндеді ол өз сөзін.
Түркістан қалалық емханасының психологі Анапия Мадина өз сөзінде «Маскүнемдік пен нашақорлық секілді лудоманияның да өз кезеңдері болады. Әуелі адам спорт ставкалары мен интернет-казинодағы слоттарға қызыға бастайды. Яғни бәс тігуді қалыпты құбылыс санайды. Екінші деңгейінде адам тәуелді бола бастайды. Мысалы, казиноға ұзақ бармағанда адам тітіркенгіш, ашуланшақ болады. Бұл кезеңде ойынқұмарлықты емдеуді бастау ұсынылады. Үшінші кезеңде адамның бар ойы құмар ойындарында болады. Нәтижесінде отбасы, сүйікті ісі, достары, жұмысы жайына қалады» деп атап өтті. Сонымен қатар маман қызығушылықтың бәрі адамның бос уақытын тиімді өткізу құралы емесін жеткізді. Спикердің айтуынша, құмар ойынға тәуелділік ғылыми тілде «лудомания» деп аталады. Бұл халықаралық деңгейде ресми түрде ауру ретінде тіркелген. Бүгінде көптеген ата-аналар балаларының ойынға тәуелді екенін білсе де, бей-жай қарайды. Уақыт өте келе оны қоятынына сенеді. Дегенмен бұл әсте олай емес. Баланың қарызын жауып, қолына ақша беру құмар ойындарының шырмауынан шыға алмауына ықпал етеді. Сондықтан тәуелділікті аңғарғанда бірден мамандарға жүгіну қажет. Бұдан бөлек, жиын барысында Түркістан ҚПБ ЖПҚб ЮПТ полиция майоры Қойлыбеков Қуаныш «Лудомания – ойынқұмарлық, жастарды өзіне тәуелді ететін жаман әдеттің бірі. Балаларды осы теріс қылықтан сақтау мақсатында құқық қорғау органдары мектептерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Тіпті ажырасу деректерінің артуына, суицидтің орын алуына осы ойынқұмарлық кесірін тигізіп отыр. Бұл ғана емес, қазіргі таңда ауыр қылмыстарды жасаған кейбір қылмыскерлердің өткенін қарап отырсақ, құмар ойындарға қатысы бары анықталып жатады. Бұл нені білдіреді? Демек, ойынға тәуелді адам саналы түрле ойлана алмай қалады. Оның ойында қалай болсын ақша табу сияқты міндет тұрады. Сондықтан қылмысқа, бұзақылыққа, алаяқтыққа салынып, түрлі жолмен ақша табуға талпынады. Ал тарихында соттылығы бар адамның болашақта жақсы қызметке баруы қиын. Сондықтан осы бастан ойлану керек» деп атап өтті.
Сонымен қатар жиын барысында сөз алған Жастар ресурстық орталығының психологы Нысанбаева Динара «Тәуелділіктен емделу бұл ауруды мойындаудан басталады. Жалпы лудоманды бірнеше белгісі арқылы анықтауымызға болады. Біріншіден, барлық бос уақыты ойынмен өтеді. Ол казинода ставка қояды. Букмекерлік контораларда отырады. Күні бойы интернеттен шықпайды. Екіншіден, қаржы көп жұмсалады. Ставкалар ақшаны қажет етеді. Нәтижесінде адам үйдегі құнды заттарды сатады, жақындары мен таныстарынан қарыз алады, банктен несие алады немесе жекелей кредиторларға қарызға белшесінен кіреді. Үшіншіден, көңіл-күйі өзгереді. Лудоман әрқашан да ойын туралы ойлайды. Ойын арасында ашуланшақ болып, көңіл-күйі түсіп жүреді. Жеңілістен кейін қайтадан ойнап ұту идеясы пайда болады. Егер лудоман үлкен сомадан ұтылып қалса, ол тоқтамайды. Тезірек ақшаны іздей бастайды. Жоғарыда айтылған симптомдар аурудың дамуын мінездейді. Ойынқұмарлықтан тезірек арылу керек. Бұл зиянды әдеттен өздігінен арылу мүмкін емес. Тек уақыт жоғалтасыз» дей келе, бұл мәселемен бетпе-бет келгенде сапалы мамандардың көмегімен ғана жеңуге болатынын алға тартты.
Айта кетейік, 2018 жылы Денсаулық сақтау ұйымы ойынқұмарлықты патологиялық әуестік деп, дерт ретінде ресми тіркеді. Ресми деректерге сүйенсек, құмар ойынға тәуелді қазақстандықтар саны шамамен 350 мыңға жуықтайды. Былтыр Қазақстанда казинолар мен букмекерлік кеңселердің жылдық қаржылық айналымы 1 триллион теңгеден асқан. Ал Қазақстандағы казинолар мен букмекерлік кеңселердің 1 күндік қаржылық айналымы 3,5 миллиард теңгеге жеткен. Сондықтан елімізде лудоманиямен күресу туралы заң жетілдіріліп жатыр. Онда интернет ресурстар, БАҚ пен мобильді операторларда букмекер компаниялары мен онлайн казинолардың жарнамасын шектеу көзделген. Блогерлер мен танымал тұлғаларға құмар ойындарды жарнамалауға тыйым салу жоспарланған. Сондай-ақ букмекер контораларында бәсті тігуге рұқсат берілетін жас 21-ден 25 жасқа дейін артады. Заңда алимент пен екінші деңгейлі банктерге несиесі бар азаматтарға құмар ойынға бәс тігуге тыйым салу туралы норма бар. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау органдары мен әскерилерге құмар ойын ойнап, бәс тігуге тыйым салынады.