ЖАҢА ТӘСІЛ ЖҰМЫС САПАСЫН АРТТЫРАДЫ
Бүгінде елімізде медицина саласын дамыту бойынша барлық жағдайлар жасалып келеді. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда сапалы медициналық қызметті дер кезінде көрсетуге айрықша басымдық беріліп отыр. Өйткені қатерлі ауруларды емдеуде әрбір сағаттың, әрбір минуттың орны айрықша. Осы орайда, керек дәрі-дәрмекті дер кезінде ауруханалар мен өзге де медициналық мекемелерге жеткізу бойынша жуырда келіссөз жүрген болатын. Тарқатайық…
Шымкент қаласы әкімдігінің Шымкент қаласының Әуежай басшылығымен жүргізген келіссөздері нәтижесінде бұдан былай радиофармацевтикалық препараттар тікұшақтар арқылы жеткізілетін болды. Бұл ең алдымен қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды дер кезінде анықтап, емдеу шараларының тиімділігін арттырады. Шымкент қалалық онкологиялық орталығы жанынан 2022 жылы «MIG QAZAQSTAN» ядролық медицина орталығы ашылған болатын. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде іске қосылған орталық заманауи технологиялық аппараттардың көмегімен қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтауға, науқастарға дер кезінде медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беріп отыр. Орталық дәрігерлері радиофармпрепаратты науқасқа көктамыр ішіне енгізеді, оның дозасы пациенттің дене салмағына, бойына қарай есептеледі. Радиофармпрепарат бүкіл денеге таралғаннан кейін, шамамен бір сағат ішінде пациентке позитронды-эмиссионды томография/компьютерлік томография арқылы диагностикалық зерттеу жүргізіледі.
Препарат құрамына келсек, 2-фтор, F химиялық түріндегі фтор-18 бар натрий хлоридінің изотоникалық ерітіндісі. Фтор-18 радионуклидінің ыдырау мерзімі 109 минутты құрайды. Бұл препарат ПЭТ/КТ көмегімен диагностикалық зерттеу ретінде әртүрлі нозологиялық нысандар мен локализациядағы қатерлі ісіктерді дифференциалды диагностикалау, қатерлі ісіктердің таралуы мен сатысын анықтау, ісіктерді емдеудің тиімділігін бағалау үшін қолданылады. Қатерлі ісікке қарсы күрестің 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарында қарастырылған осындай ем шаралардың нәтижесінде бүгінде науқастар өмірі айтарлықтай ұзаруда. РФП осыған дейін арнайы жабдықталған көлік құралы арқылы Алматы қаласындағы Ядролық физика институтынан ұзағымен 2 күн ішінде жеткізілетіндіктен, қуаттылығы төмендеп, аз науқасқа ғана жететін. Себебі бұл препарат 109 минут сайын жартылай күшін жоғалтады. Ал әуе жолымен тасымалдау арқасында жолға небәрі 2-3 сағат жұмсалатындықтан, көп науқасты қамтуға мүмкіндік туады.