ЕСЕП БЕРУ КОНЦЕРТІ АУҚЫМДЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТТІ

Елімізде білім саласының дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан мекемелер аз емес. Оның ішінде талай жылдық тарихы бар білім ордаларының маңызы ерекше. Қоғамдағы салалардың ілгері басуына тың серпін беретін, сонымен қатар талай кәнігі маманның түлеп ұшуына септін болатын мұндай мектептердің маңызы зор. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкентте жеткен жетістігімен, атқарған ісімен, бағындырған биігімен өзгелерге үлгі болатын мекемелер аз емес. Бүгінгі материалымызда солардың бірі турасында тарқата баяндамақпыз.

Жуырда Шымкент қаласы «Қазақстан Халқы Ассамблеясының» концерт залында Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы әкімшілігінің ұйымдастыруымен «65 – болашағы жарқын әлем» тақырыбында есеп беру концерті өтті. Іс-шараға Шымкент қаласы Білім басқармасының басшылары, еңбек және қоғам қайраткерлері, мектеп-гимназияның құрметті демалысқа шыққан зейнеткер педагогтары, қаладағы білім беру ұйымдарының бірінші басшылары және мектеп түлектері қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – педагогтер мен білім алушылардың 2023-2024 оқу жылында атқарған қосымша білім беру жұмыстарын қорытындылау, білім алушылардың академиялық және шығармашылық жетістіктерін көрсету, оқушылардың өнерге, шығармашылыққа деген қызығушылықтарын арттыру, музыкалық қабілеттерін, хореографиялық талантын шыңдау, жастардың бойында жауапкершілік, ынтымақтастық, патриоттық, отансүйгіштік сезімдерін арттыру, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды насихаттау.
Концерттік бағдарламада бойыша «Атамұра», «Мұрагер» ұлт аспаптар оркестрі, халықаралық, республикалық би байқауларының жеңімпаздары «АрмандаStar» үлгілі би ансамблі, «Қазақстан дауысы, балалар» телевизиялық жобасының қатысушылары, ұлттық «Бала дауысы» байқауының лауреаттары, «Азия таланттары» халықаралық өнер байқауының бас жүлде иегерлері, «New Stars» квартеттері өнер көрсетті. Салтанатты шара жоғары деңгейде ұйымдастырылғанымен көптің есінде қалды деуге болады.