ЛУДОМАНИЯМЕН КҮРЕС ШАРАЛАРЫ БІР СӘТКЕ ДЕ ТОҚТАМАУЫ ТИІС
Бүгінде қоғам арасында қылмыс саны артып келе жатыр. Бұл – көкейтесті мәселе. Мұндай талапқа томпақ келетін әрекеттердің артында сан түрлі себеп жатқаны айтпаса да белгілі. Бірі қарызға батқандықтан, алаяқтыққа барса, енді бірі құмар ойынның құрығына түсіп, эмоция кесірінен бұзақылыққа немесе кісі тонау мен ұрлау сынды қылмыстарға барады. Мұның бір ұшы құқықтық және қаржылық сауатқа тірелетіні бесенеден белгілі. Сондықтан бүгінгі бүлдіршіндерден бастап қылмыс пен құқықбұзушылық турасындағы кеңінен ақпарат беруге тырысу керек. Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан облысында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Тарқатайық…
Өткен аптада кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалатын қылмыс пен құқық бұзушылықтардың және оқыс оқиғалардың алдын алу бойынша, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғаумен байланысты органдардың өзара іс-қимылын күшейтуге бағытталған кездесу өтті. Түркістан қаласы білім бөліміне қарасты С.Ерубаев атындағы мектеп-интернатында өткен жиынға оқушылармен болатын жиналыс жоспарына сай, 8-11 сынып оқушылары қатысты. Келелі кездесуге Түркістан қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері азаматтық қорғау аға лейтенанты Ақсұңқар Абусаид Мұхтарұлы, «Тұяқбай ата» мешітінің иманы Бақтияров Айдын, Түркістан ҚПБ ЖПҚ ЮПТ УПИ полиция лейтенанты Нұрман Мырзахмет Серікұлы, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қ.Арқабаева қатысты. Жиында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу, оның ішінде мектеп оқушыларының қатысуымен орын алатын бұзақылық, топтасып төбелесу, қасақана дене жарақатын салу, лудомания, жол ережесі, түнгі уақытта ата-ана қадағалауынсыз қоғамдық жерлерде жүру фактілері, діни жат ағымдарға шырмалудың алдын алу бағытында және төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Жиын барысында Түркістан қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері азаматтық қорғау аға лейтенанты Ақсұңқар Абусаид «Лудоман, әрине өзінің ойынқұмар екенін ешқашан мойындамайды. Бірлі-екілі сәтті шыққан ойындарына арқа сүйеп, өз қателіктерін тек сәтсіздікке балайды. Ал ойын барысында не істеп, не қойғанын білмеу бұл экзистенциалды проблемаға жатады. Оның түпкі себебі өмірлік мәнін жоғалту, ол адам үшін ойыннан басқа мән-мағына жоқ. Бұл негилистік көзқарасқа жатады. Ондай адам ата-ананы да, бала-шағаны да құнсыздандырып жібереді» дей келе, мұндай оқиғалармен бірнеше рет бетпе-бет келгенін атап өтті. Ал «Тұяқбай ата» мешітінің иманы Бақтияров Айдын құмар ойындарға әуес болу асыл дінімізді теріс қылық саналатынын тілге тиек ете келе, мұндай жат қылық, жаман әдеттен аулақ болуға шақырды. Айта кету керек, лудомания, яғни қарапайым тілмен айтқанда құмар ойындарына деген тәуелділік бүгінгі күннің күйіп тұрған мәселесіне айналды. Қазіргі уақытта Қазақстанда аталған мәселеге тап болған мыңдаған азамат бар. Сәйкесінше, қаржылық қиындыққа тап болғандардың біразы қылмысқа барып, түрмеге де түсіп жатыр. Құқық қорғау органдарының дерегінше, аса ауыр қылмыстарға да лудомандардың қатысы бар екені анықталып жатыр. Сондықтан оның алдын алу бағытында атқарылатын мұндай шаралардың маңызы қоғам үшін де, жастар үшін де зор.