ҚҰМАР ОЙЫНҒА ҚҰМАРТУ – ЖАСТАРДЫҢ БОЛАШАҒЫНА БАЛТА ШАБАДЫ

Қазіргі таңда қоғам алдында кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және болдырмау, құқықтық сауаттылықты арттыру, заңсыз іс-әрекеттер жасаудан қорғау, жас ұрпаққа заңға бағынушы азамат ретінде құқықтық тәлім-тәрбие беру сынды жауапты міндеттер тұр. Өз кезегінде, аталған бағытта жүзеге асып жатқан шаралар да аз емес. Әсіресе, қоғамның өзекті түйткіліне айналған құмар ойындары, темекіге тәуелділік, ащы суға әуестік сынды күрмеуі қатты мәселелермен күрес бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келе жатыр. Бүгінгі тақырыбымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз.

Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Осы орайда, Түркістан қалалық білім бөліміне қарасты Ғани Мұратбаев атындағы №5 жалпы білім беретін мектебінде кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын зорлық-зомбылықтың, құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын-алу, топтық төбелесті болдырмау, суицид, лудомания, нашақорлық, ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жиынға директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Оразқұлова Жәмила, Жүзжасарова Гүлмира, мектеп психологі Шамухамедова Феруза, Түркістан қаласы «Игілік ата» мешітінің имамы Талғат Сәкенұлы, Түркістан ҚПБ ЖПҚ ЮПТ-ның УПИ полиция аға лейтенанты Сансызбаев Аян Батырханұлы қатысып, 8-9 сынып оқушыларына түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Кездесуде қаузалған өзекті тақырыптың бірі – лудомания. Мектеп психологі Шамухамедова Ферузаның пікірінше, лудоманияның қалыптасуына бірнеше себеп әсер етеді. Оның біріншісі – жалғыздық сезімі. Ол адамды алғашқы рет ойнауға итермелейді, ойын процесінде алынған әсер мен түйсіну адамды қайталап ойнауға мәжбүр етеді. Екіншісі – қанағаттанбау. Қанағаттанбаушылық сезімі адамды өзін ойында көрсетуге мәжбүр етеді. Мұндай адамдар күнделікті өмірде өзіне өзі наразы болып жүреді. Шынайы өмірге қарағанда, ойында жеңіске қол жеткізу жеңіл болғандықтан, адам өзін ойын арқылы дәлелдегісі келеді. Үшіншісі – оңай олжа. Бір рет ұтып, жеңіл түскен ақшаны қолға ұстағаннан пайда болған адреналинді сезінген адам осы жетістігін қайталағысы келеді, алайда көп жағдайда ұта беру мүмкін емес. Төртіншісі – тез ергіштік. Тағы себеп ретінде психикалық бұзылыстарды атап айтуға болады. Яғни қарапайым өмірде құмар ойынға тәуелді бола бастаған баланың психологиясында үлкен өзгерістер болады. Қоғамнан бөлектену, жалғыз қалғанды жақсы көру, айналамен қарым-қатынасы нашарлау сынды түйткілдерге тап болады. Бұл үрдісті ата-ана немесе мектеп психологі алдын ала байқап, тиісті шараларды дер кезінде көрмесе, жағдай ушығуы мүмкін. Сондықтан психолог айналасында осындай мәселелерге тап болғандар болса, дереу ұстаздарға немесе өзіне хабарлау керегін ескертті.
Жиын барысында «Игілік ата» мешітінің имамы Талғат Сәкенұлы «Ойынға араласқан әр ойыншының мақсаты – жеңіске жету. Ал жеңіс бір адамға ғана бұйырады. Демек, құмар ойынның кесірінен бірнеше адам ашуға булығып, шайтанның арбауына түседі. Қазақ «жығылған күреске тоймайды» дегенді бекер айтпаса керек. Ұтылған адам жеңістен үміттеніп жүріп ойынхананың тұрақты келушісіне айналғанын да аңдамай қалады, барынан айырылады, қарызға батады. Ақыры соңында отбасынан, ағайын-туыстан қара үзіп, аш-жалаңаш қалады. Қазіргі таңда құмар ойыны адам баласын өз-өзіне қол жұмсау, бір-бірін өлтіру, ажырасу, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, қарызға бату сияқты халге де жеткізіп отыр. Бұдан да сорақысы құмар ойынға елітушілердің арасында өз әйелін, үйін, көлігін және өзге де қажеттіліктерін бәске тігушілер де кездеседі. Осының салдарынан бейкүнә балалар жапа шегіп, қаншама отбасының шаңырағы ортасына түсуде» дей келе бұл ойынның ислам дінінде теріс амал екенін айтты.
Сонымен қатар мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Оразқұлова Жәмила мұндай теріс әрекеттердің оқу үлгеріміне кері әсер ететінін, құмарға құмартқан балалардың болашағы бұлыңғыр екенін түсіндірді. Өз сөзінде «Кеше біраз мәліметтерді ақтарып отырып, жағамды ұстадым. Мамандар ойынқұмарлықтың нашақорлық пен алкогольге тәуелділіктен де зиянды екенін алға тартады. Себебі құмар ойынға салынған адам жеңілген сайын депрессияға ұшырап, жүйкесі жұқара бастайды. Ал құмар ойынға салынған адамды одан арашалап алу да оңай емес. Өйткені осы дерттен айығу үшін бір сеанс он бес мың теңге болса, толық курс үш жүз алпыс мың теңге тұрады. Ең ауыры, құмар ойынға салынушылар арасында өз-өзіне қол жұмсайтындар да жыл санап артып барады» деген ұстаз мұндай теріс әрекеттен аулақ болуға шақырды. Жиын соңында мектеп оқушылары өздерін мазалаған сауалдарды спикерлерге жолдап, нақты жауаптарын алды.