10 ЖЫЛДАН КЕЙІН ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КЛИМАТ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Климат саясаты департаменті климаттың өзгеруіне бейімделу басқармасының бас сарапшысы Айжан Мамедалиева елдегі климат өзгерісі туралы зерттеулердің алғашқы нәтижелерін мәлімдеді.
Ондағы дерекке сүйенсек, Қазақстан да Орталық Азияның өзге елдері сияқты климат өзгерісіне осал ел болып есептеледі. Кейінгі онжылдықтарда Қазақстандағы ауа температурасы айтарлықтай көтерілді. Жылдық орташа температура әр 10 жыл сайын Цельсий шкаласы бойынша 0,32 градус артып отыр. 2030 жылы бұл көрсеткіш 1,7-1,9 градус, 2050 жылдары 2,4-3,1 градус, 2100 жылға қарай 3,26 градус көтеріледі. Айжан Мамедалиеваның айтуына қарағанда, температураның экстремалды деңгейде артуы адам денсаулығына, табиғи экожүйеге, ауыл және су шаруашылығына, инфрақұрылымға кері әсер етуі мүмкін.
Жылдың ішінде түсетін жауын-шашын көлемінің өзгеру құрғақшылықты ушықтырып, елдегі ылғалдың қорын азайтып, су тапшылығын арттыруы ықтимал. Климаттың өзгеруінен мұздықтар еріп, шөлейттену жеделдейді. Орталық Азияда мұздықтар жылына 0,2-1% азайып жатыр. Кейінгі 50-60 жылда Тянь-Шань мен Памир тауларында мұздықтар 14-тен 30 пайызға дейін еріп кеткен.