СӘУЛЕЛІ ҒҰМЫР

Әдетте, дәрігерлер туралы, оның кең ұғымдағы, қастерлі мамандық екендігі көп жазылып жатады. Бүгін біз бар ғұмырын мейірбикелік іске арнаған, қырық жыл бір салада, бір ұжымда қызметте жүрген, адал еңбек, маңдай терінің арқасында абырой биігіне жеткен ақ халатты абзал жан туралы толғанып көрмекпіз. Жалпы «Мебдикелік істің басты философиясы адам өмірін сақтау, жеке тұлғаның құқы мен абыройын сыйлай отырып, қызмет көрсету» деп жатады. Науқастың күтіміне қарап, ұйымдастырып, емделушіге бар ықыласымен қызмет көрсететінін тағы білеміз. Ендеше олардың орны да, жөні де бөлек. Мейірбикелер медициналық топтың белсенді әрі белді мүшесі, тіпті кеңесшісі десе де болатындай.

Қай кезді, қай заманды алып қарайық, халық үшін медицинаның орны бөлек. Ақ халатты абзал жандарды бастаушы көштің басында білікті дәрігерлер тұрса, олармен бірге сенімді серік, жұмыста көмекші, өзінің қызмет ауқымы мен жүктелген міндеті зор мейірбике жандар да қатарлас жүреді. Еңбегі ерен. Атқарар жүгі — ауыр әрі жауапты іс. Елді індет жайлаған тұста ауруханалардың науқасқа толғаны былай тұрсын, жай ғана ине салдырар орынның кезектен босамағаны, мейірбике атаулы тапшы болғаны әлі есте. Қаншалықты қажеттілігі, пайдалылығы, ел арасындағы құрметі ерекше сезілді. Халық арасында талайға инесін шаншып, сырқатқа демеу, ауырғанға жеңілдік сыйлап жүрген, емінен бұрын жүректен шыққан жылы сөзін арнап, барынша кәсіби қолдап, көптің көңілінен шығып жүрген жандар аз емес. Ал бір салаға өмірінің қырық жылын, белсенді еңбегін арнағандар ше?!. Шүкір, ел арасында ондай азаматтар да бар. Оңтүстікте үш жүздің басын қосуға үш бидің бәтуаласқан жері – қасиетті Ордабасы мекені бар. Құтты мекендегі қарт таудың етегінде он мыңдай халық тұратын Бадам станциясы созылып жатыр. Мұнда Ордабасы ауданына қарасты Бадам ауылдық ауруханасы көп жылдан бері халыққа қызмет жасайды. Ал сол ұжымда ақ халатын киіп, антына адал, ісіне берілген, елге қалтқысыз қызметін көрсеткен қарапайым еңбек адамдары да жүр. Солардың бірі – мейірбике Сәуле Сәдешқызы.
Аталмыш аурухананың екпе салатын мейірбикесінен бастап, балалар мейірбикесі, аға мейірбике, санитарлық фельдшер, аудандық орталық ауруханасының туберкулез диспансеріндегі мейірбике қызметінде болып, бар сатыдан өтті. Бұл күндері жастарға тәлімгер, тәжірибесі толысқан, білікті маманның бірі Сәуле Әлібекова 1964 жылдың 11 сәуірінде қазіргі Ордабасы ауданының Мақташы ауылында дүние есігін ашты. Үйдің жетінші перзенті әрі сүт кенжесі саналатын Сәуле қыздың балалық шағы табиғаты әсем, айналасы өзен-суға жетік, егістігінен бөлек, қоршалай биік талдары жайқалған шағын ауылдағы үлкен шаңырақта өтті. Амангелді, Ересен ағасы мен Рыскүл әпкесі өзінен әлдеқайда үлкендеу болғанымен, кейінгі Есенбек, Дүйсенбек ағасы, Жанна әпкесімен тай-құлындай тебісіп, тетелес өсті. Мақташыдағы Жамбыл орта мектебінде 5-ші сыныпты бітірген соң, Бадам ауылына көшіп, Көкшетаудан елге оралған Ересен ағасының қолында тұрды. Осындағы Айтбай Шерімқұлов мектебін 1981 жылы аяқтады. Жоғары оқу орнына түсе алмаған соң, еңбекке ерте араласқанын, алдымен совхозда шопан көмекшісі, кейін Бадам елдімекеніндегі Қажымұқан мектебінде кітапханашы болғанын айтады. «Жұмысқа шығып, елмен араласып, халыққа етене жақындай түсіп, үлкен өмірге деген алғашқы көзқарасым бірте-бірте қалыптаса бастады» дейді ол. Ал 1983 жылы Леңгірдегі жалпы мейірбикелік медицина училищесіне түсіп, екі жылдан соң, оны «балалар мейірбикесі» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Жиырма бір жасында Ерғали Қалыбаевпен тұрмыс құрды. Тойлары өткен ерекше күннен, Шымкент қаласына келіп, қазіргі Бәйдібек баба ескерткіші маңында бұрын болған «Самолет» ескерткіші алдында түскен суреттері сақтаулы. Құдай қосқан қосағы Ерғали Қолдасұлымен Айгерім, Рауан есімді сұлу қыздары, Асқат пен Мақсат атты сымбатты ұлдары өмірге келді. Күйеуі Ерекең мына өмірде қарапайым, ақкөңіл жан еді. Өзгенің ала жібін аттамайтын. Берілген жұмысқа адал болатын. Аманатқа қиянат жасамайтын. Құрылысқа, жалпы қара жұмысқа ептілігі бар-тын. Тындырымды, қолының ұсталығы да, қиыннан қиыстырар ебі де бар, бесаспап болды. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін. Қақ-соқпен шаруасы жоқ, таза маңдай тер, адал еңбектің адамы болды. «Аузын ашса, жүрегі көрінеді» дейтін теңеу осындай азаматтарға айтылғандай. Сәуле екеуі тату-тәтті өмір сүрді. Алайда тағдырдың жазмышына, ажалдың айла таптырмайтынына әлсіз пенденің қарсы тұрар қауқары қайсы. 2009 жылдың 25-ші мамырында, оқушылардың мектептегі соңғы қоңырауымен қатар, Ерғалидың да жүрегі соңғы рет соқты. Бала-шағасы жас, әлі аяқтанбаған сәтте, кенет ерінен айырылу қырық бестегі Сәулеге оңай соқпады. Асқар тауы құлап, көңілі шағылғандай, тірегі сынғандай күй кешті. Құдды «аспан айналып жерге түскендей» сезімде жүрді. Қайғысымен бөліскен ағайын-туыстың, көпшіліктің демеуі ғана, есін жиғызды. Еңсесін тіктетті. Бала-шағасы алдындағы жауапкершілігін, аналық міндетін ұғынды. Оларды бағып-қағу, өсіру, аяқтандыру жауапкершілігі ендігі жерде өзіне артылғанын, бұл тағдырдың сынағы, өмір тоқтап қалмағанын, жалғасып жатқанын, ары қарай тағдырмен де, өмірмен күресу керегін терең түсінді.
Бүгінде Сәуле Сәдешқызы Ордабасы аудандық орталық ауруханаға қарасты Бадам ауылдық ауруханасындағы қызметін абыроймен жалғастырып келеді. Алғаш табалдырығын аттаған киелі медицина саласындағы еңбек өтіліне биыл бақандай 39 жыл толыпты. Келер жылы бұйыртса, қырық жылдық еңбек өтілі мен зейнетке шығар жасы қатар келмек. Құдай сол күнге биік жетістіктермен жетуді нәсіп етсін. Айтпақшы Сәкең жуырда мерейлі 60 жасқа толды. Саналы ғұмырын адам денсаулығы саласына арнады. Жүрегі мейірбикелікті қалады. Сырқаттанып, дертімен күрескен қамкөңіл жандарға жылы шуағын шашып, мейлінше мейірімін төкті. Бар білімі мен арқадағы орасан мол тәжірибесін адам баласын емдеуге, шипа дарытуға, науқастың көңілін табуға арнады. Өмірдің қиын өткелектерінен өтті. Сүрінбеді. Еңбексүйгіштігі болар, құлай сүйген сүйікті ісінің майталман шеберіне дейін өсті. Аллаға шүкір, Сәуленің жанашыр бауырлары, ағайын-туысы жетерлік. Жиі бас қосып, сұхбат құрып тұрады. Кешегі қасиетті Рамазан айында туған әпкесі Жаннамен бірге Умра қажылыққа барып келді. Бар бауыры ақ жол тілеп, сапары оңынан болсын деп, шығарып салды. 10 күндік қажылық сапарын барынша құлшылықпен өткеріп, елге ерекше көңіл-күймен, өзгеше тебіреністе оралды. Отбасына, ағайын-туысқа, елге, жерге, дүйім жұртқа дұға жасапты. Алла ниетін қабыл, мұратын асыл етсін.
Айтпақшы, ері қайтқан жылы әлі кіп-кішкентай, бар-жоғы сегізде болған Мақсаттың өзі биыл 23 жасқа шықты. Ал Асхаты отыздан асты, әскери қызмет саласының білдей офицері, 3 баланың әкесі. Екі қыздан да жиен немерелер жетіліп келеді. Қазақ «Орнында бар оңалар» дейді. Бір жылдары басына ауыртпалық түсіп, көңілі құлазыған аурухана мейірбикесі, немерелердің әжесі, бала-шағасының ардақты анасы – Сәуле Әлібекова қазір қуаныштың, балалы үй – базардың, берекенің ортасында. Тағдырға мойынсұнып, жеткерген жетістікке, барына шүкір дейді. Алла тағалам, ниетіне берсін. Әнеукүні 60 жасымен «Аманат» партиясының Түркістан облыстық филиалы басшысы Алтынсары Үмбетәлиев арнайы адресат жолдап, ерекше тілек арнап, еңбек майталманын қызу құттықтапты. Жуырда Ордабасы ауданы әкімі Азат Оралбаев ақ халатты абзал жан, мерейжас иесін жеке қабылдап, құрмет көрсетіпті. Алпыс жасымен құттықтау хатынан өзге, әкім тәжірибелі мейірбикеге бағалы сый жасапты. Еңбек адамына қошемет көрсеткен азаматтардың жұмысы берекелі болғай. Ал еңбек ұжымы, яғни медицина саласындағылар алдағы тойына тосын сый әзірлеуде деп естідік. Біз де өз тарапымыздан Бадам ауылдық ауруханасының балалар мейірбикесі Сәуле Сәдешқызы Әлібековаға зор денсаулық, күш-қуат, еңбекте толағай табыс, шаңырағына береке-бірлік тілеп, төмендегі өлең жолдарын арнаймыз. Сәуленің сәулелі ғұмыры ұзақ болғай.
Сабыр сақтап жақсы күнге жетерміз,
Тағдырыңа сенбегенде нетерміз.
Сәулелі қыз келгеніне өмірдің,
Шын қуанды жетпістегі әкеңіз.

Мақташыда мақтаулы қыз туды деп,
Қуанды жұрт, туыс-бауыр ағайын.
Қуанышқа ортақ болған айнала,
Байғазы әкеп, түсінді әке жағдайын.

Әрекетті жақсылыққа балайын,
Бата менен ел алғысын алайын.
Мерейлі жас, жаңа белес аттаған,
Сәуле әпкенің көңілін мен табайын.

Ақ халатпен салдың өмір кемесін,
Абыройлы асқақ жолмен келесің.
Ерғалимен тағдыр қосып жалғанда,
Төрт перзентті сүйдің Алла бергесін.

Қырық жылдай медицина саласы,
Маңдай термен, сіңді сенің, еңбегің.
Ауыр бейнет болсадағы сабырмен,
Ізденіспен, тағдырыңды жеңгенің.

Өрнектейін, інжу-маржан термесін,
Тағдыр жүгін төзіміңмен жеңгенсің.
Құтты болсын, алпыс жасың әпкетай,
Жар болсыншы, Жаратушы, демесін!

Ерлан ҚУАНДЫҚОВ,
журналист,
Шымкент қаласы.