МАҚТААРАЛДА СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Қазіргі таңда жастар қоғамның басты қозғаушы күшіне айналып келеді. Өйткені олардың қоғамдық-саяси өміріміздегі белсенділігі барынша артқан. Бүгінде еліміздің әрбір өңіріндегі жастар ұйымдары өз мәселесін өздері шешуге барынша тырысып келе жатыр. Оның ішінде мемлекеттік бағдарламаларды насихаттап, жастардың кәсіпкерлік салаға бет бұруына ықпал етіп жатқандары қаншама. Бұл ғана емес, өзекті мәселеге айналған түйткілді түйіндерді ағытуға да үлестерін қосуда.

Мәселен, өткен аптада Мақтаарал ауданы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Көмек» оңалту орталығының психологы, 14 жылдық тәжірибесі бар психолог-психотерапевт маман Серікгүл Салидің тәуелді адамдармен психологиялық жұмыс жасау бойынша психологтардың, әлеуметтік қызметкерлер мен еріктілердің біліктілігін арттыру мақсатында «Лудомания- қоғам дерті» атты семинар-тренинг ұйымдастырылып өткізілді. Семинар-тренингтің ашылуына Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшы орынбасары Ескулов Пердебек, Мақтаарал ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Бабашев Мадияр, аудандық жастар орталығының басшысы Ошантаев Нұркен қатысып, ауқымды шараны бастап берді.
Іс шараның мақсаты – тәуелді адамдар мен олардың туыстарына кәсіби көмек көрсете алатын мамандарды даярлау. Жеке тәжірибе негізінде арнайы техникаларды, әдіс-тәсілдер мен тәжірибелік дағдыларды үйрету. Шарада тәуелділік, даму процестері, клиникалық көріністері туралы тақырыптарда тәжірибелер өтілді. Шараға облысымыздың аудан, қаласынан келген «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің психологтары қатысып, өз ойларымен бөлісті. Жалпы мұндай шаралардың маңызы айрықша. Өйткені бүгінде құмар ойындардың құрығына түсіп, түрлі заңға томпақ келетін әрекеттерге баратын жастардың саны артқан. Сәйкесінше, мұндай ауқымды мәселемен күресте қоғамның бірлігімен қатар, тәжірибелі де кәсіби мамандардың көмегі айрықша қажет. Жасыратыны жоқ, мұндай әлеуметтік мәселе интернеттің кең таралуымен күрделене түсті. Қазіргі уақытта ғаламторға шырмалған жастардың құмар ойынға қызығып, тәуелді болып қалуы ғажап емес. Осы тұста психолог мамандардың көмегіне жүгіну қажет. Сондықтан мектеп пен жоғары оқу орнында жұмыс істейтін кәсіби мамандардың біліктілігін арттырудың маңызы айрықша жоғары.