ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АУАСЫ ЕҢ ЛАС ҚАЛАЛАР БЕЛГІЛІ БОЛДЫ
Бүгінде әлем жұртшылығы экологияға айрықша назар аударып отыр. Әсіресе, қоршаған ортаға түрлі улы газ бөлетін кәсіпорындарды бақылап, тиісті шараларды көріп келеді. Бұл тұрғыдан келгенде, еліміздің ауыз толтырып айтар жетістіктері жоқ деуге болады. Жуырда ғана Экология және табиғи ресурстар министрлігі Мемлекеттік экологиялық бақылау басқармасының бас сарапшысы Алмас Ысқақов еліміздегі ауа тазалығын мониторингілеу жұмыстары туралы айтып берген болатын. Ондағы деректер осыны айғақтайды.
Зерттеуге сүйенсек, бүгінде 45 өнеркәсіптік қала мен мегаполистің ішінде ең лас қалалар қатарына Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Өскемен және Шымкент жатады. Еліміздегі атмосфералық ауаның жай-күйін бақылау республиканың 69 елді мекенінде 170 бақылау бекетінде, оның ішінде 47 қолмен сынама алу және 130 автоматты бақылау бекетінде жүргізілген. Егер Қарағанды, Теміртау, Атырау және тағы басқа қалаларда ауаның ластану себептері өнеркәсіппен байланысты болса, ал Астана мен Алматыдағы жағдай автокөліктен шығатын шығарындылардың көптігіне орай қалыптасып отыр.
2023 жылғы Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша республика бойынша автокөлік құралдарының саны – 4 млн 449,3 мың бірлік. Оның жартысының жасалғанына 20 жылдан асып кеткен. Өткен жылы желтоқсан айында Алматыда 600 мыңға жуық автомобиль тіркелген. Күн сайын қалаға 700 мыңнан астам көлік кіреді. Астана қаласы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, елордада 320 мың автокөлік тіркелген. Оның 50 пайызының құрастырылғанына 10 жылдан асқан. Жалпы қала бойынша Еуро 4 және 5 стандартына сәйкес келетін автокөліктің саны 90 мыңнан аспайды. Бұл – көкейтесті мәселе. Өйткені табиғатқа келтірген залалдың зарарын түбінде адамзаттың тартары анық. Десе де мұны әзірге ешкім ескеріп жатқан жоқ тәрізді…
О.ҚАСЫМ.