СУ ТАСҚЫНЫ БАСТАЛҒАЛЫ 113 МЫҢ АДАМ ЭВАКУАЦИЯЛАНДЫ

Елімізде тасқын судан зардап шеккен азаматтардың қатары қалың. Табиғи апат салдарынан үйінен үдере көшкен тұрғындар қауіпсіз жерге орналасып жатыр. Жуырда Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш елдегі су тасқыны бойынша жаңа деректерді баяндады. Тарқатайық…

Оған сенсек, су тасқыны басталғалы бері барлығы 113 867 адам, оның ішінде 39 943 бала құтқарылып, эвакуацияланды, 112 539 мал қауіпсіз жерге айдалды. 15 125 адам өз үйіне оралды. 6 704 адам, оның ішінде 3 052 бала эвакуациялау пункттерінде жатыр. Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 732 жеке тұрғын үй, 1 579 аула аумағы және 2 035 саяжай үйлері су астында қалуда. 3 570 тұрғын үй мен 2 225 аула аумағынан судың бағыты бұрылған. Су тасқыны салдарын жою, су тасқынына қарсы іс-шаралар мен авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда. Күні бүгінге дейін 9,7 млн текше метр еріген қар суы сорып шығарылды. 2,4 млн қапшық және 1,2 млн тонна инертті материал төселді.
Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 33 391 адам, 4 470 техника, 890 су сору құралы, 392 жүзу құралы, 18 әуе кемесі жұмылдырылған. Төтенше жағдайлар министрлігінің психологтары жергілікті жерлерде және жедел желі телефондары арқылы азаматтарға шұғыл психологиялық көмек көрсетуді жалғастырып жатыр.

С.НҰРАЙ.