БАЗАРЛАРДЫ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Қазіргі таңда Шымкент қаласы аумағында жалпы 36 базар жұмыс істейді. Оның ішінде, 19 әмбебап, 17 мамандандырылған базар бар. Дегенмен бірқатар қала базарларының құрылысы ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының нормалары мен ережелеріне сәйкестендіруді, яғни базарларды жаңғыртуды қажет етеді. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Өйткені қазіргі уақытта кей базарлардағы саудамен айналысатын кәсіпкерлер қыстың қақаған суығы мен жаздың аптап ыстығында далада тұруға мәжбүр.

Осы орайда, қала аумағындағы базарлар «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңында көрсетілген құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестендіріліп, модернизациялаудан өтеді. Жоғарыда атап өткеніміздей, қазір қалада 19 әмбебап базар жұмыс істейді. Олардың он бесінде, атап айтқанда, «Бекжан», «Шымкент Тұлпар», «Исатай», «Акбар», «Ынтық ата», «Барыс», «Жабық базар», «Көктем», «Жібек Жолы», «Жаңа шахар», «Назым апа», «Көмеш бұлақ», «Нұр Сайрам», «Дархан», «Айна» базарларында жұмыстар аяқталған. Сонымен қатар 4 базарда, яғни «Авто Нұр», «Қырғы базар», «Алаш» және «Самалда» модернизациялау жұмыстарын жүргізу туралы Жол картасы бекітілген. Осыған сәйкес, «Алаш», «Самал» базарларын заманауи талапқа сай жаңарту жұмыстары 2024 жылдың соңында аяқталады. «Авто Нұр» мен «Қырғы базар» базарларында бұл бағыттағы құрылыс 2025 жылдың соңына дейін атқарылады.
Осы тұста сауданың да талабы барын қалың оқырманның жадына салғымыз келеді. Өйткені Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 204-бабына сәйкес, белгіленнен тыс орындарда сауда жасау ескерту жасауға немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.