ЖАҢА ОҚУ ОРНЫНА ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТҰЛЫНЫҢ АТЫ БЕРІЛДІ

Қазіргі уақытта белгілі бір мамандықты жылдап оқып, атақ алумен қатар, кәсіп түрлерін меңгеріп, табыс табуға болады. Еңбек нарығында да белгілі бір кәсіпті терең меңгерген азаматтарға сұраныс жоғары. Осы орайда айта кетерлігі, елімізде көптеген орта арнаулы оқу орындары кәсіп түрлерін оқытады. Оның ішінде Шымкент қаласында жемісті жұмыс істеп келе жатқан колледждер бар. Жуырда олардың қатары тағы бір білім ордасымен толықты. Тарқатайық…

Шымкент қаласында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті жанынан оқу орны құрылды. Колледждің ашылу рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысты. Жүсіпбек Аймауытұлының атын беру униерситет жанындағы ғылыми кеңес мәжілісінде кеңінен талқыланды. Шешім қолдау тауып, арнайы орта білім беретін оқу орны қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист есімімен аталды. Әзірге аталған колледжге 3 мамандықты оқытуға лицензия берілген. Олар — 01140100 — Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі, 01140200 — Музыкалық білім беру, 01140300 — Көркем еңбек. Мұнда 58 оқытушы жастарға білім береді. Оның ішінде 1 ғылым докторы, 17 ғылым кандидаты, 3 PhD, 29 магистр, 3 аға оқытушы бар. Материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жасақталған ғимаратта 175 кабинет, 13 зертхана, 2 шеберхана жұмыс істейді.
Алдағы уақытта білім ордасы өңіріміздегі салалардың дамуына сеп болатын сапалы кадрларды дайындамақ. Оған қажет материалдық-техникалық база мен білікті оқытушылар құрамы жеткілікті. Ендеше елдің игілігі жолында ауқымды міндеттерді желкесіне жүктеген оқу орнының алдағы жұмыстарына табыс тілейміз.