ЕРІКТІЛЕРДІ ҚОЛДАУ БОЙЫНША НАҚТЫ ТАПСЫРМАЛАР БЕРІЛДІ

Бүгінде жергілікті атқарушы билікке қойылып отырған талап қатаң. Ашығырақ айтсақ, мәселе дер кезінде, уақыт күттірмей шешімін табуы тиіс. Мұның өзі жергілікті жерде әкімдіктің қалай жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Жасыратыны жоқ, бұл тұрғыдан келгенде Шымкентте жүзеге асып жатқан жұмыс көп. Қала әкімінің өзі тұрғындармен тілдесіп, мәселелеріне құлақ асып, шешімін табуына септесіп келеді. Бұл ғана емес, әкімдік қабырғасында өткен жиындарда да ауқымды түйткілдердің түйіні тарқатылуда.

Мәселен, жуырда ғана өткен Шымкент қаласы әкімінің аппараттық мәжілісінде халық денсаулығын жақсартуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әбідаманап Төлебаев жергілікті тұрғындарды медициналық ұйымдарға тіркеу, инфекциялық ауруларды алдын алу мен індетке қарсы іс-шараларды жүргізу жұмыстарын баяндады. Қала әкімі тиісті басқарма басшысына емханаларға тіркелуді талаптарға сай реттеп, заңсыздықтарға жол бермеу қажеттігін ескертті.
Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Бахтияр Өнербаев волонтерлік жобаларды жүзеге асыру барысына тоқталды. Ғабит Әбдімәжитұлы жауаптыларға еріктілердің жұмысына қолайлы жағдай жасап, оларды қолдау бойынша нақты тапсырмалар берді. Аппарат отырысында қала тазалығын сақтауда атқарылып жатқан жұмыстар да пысықталды. Бұл ретте сала басшыларына аудандардағы тазалық шараларын жоспарға сай ұйымдастыру ескертілді.