СОЗАҚТА ШЕНЕУНІКТЕР СӘБІЗДІҢ КЕЛІСІН 16 МЫҢ ТЕҢГЕДЕН САТЫП АЛУДЫ ЖОСПАРЛАҒАН

Түркістан облысындағы жемқорлыққа қарсы еріктілер 578,7 млн теңгеден астам бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алдын алды. Мәселен, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті нарықтық құны 15 мың теңге болатын бір тонна көмірді 250 мың теңгеден сатып алуды жоспарлаған. Еріктілердің араласуынан кейін сатып алу жоспары қайта қаралып, 30,2 млн теңге үнемделді.

Ал Отырар ауданы Қарақоңыр ауылдық округінің әкімдігі электр энергиясының 1 кВт-ын 580 теңгеден сатып алмақ болған. Бұл істе де еріктілер ертерек әрекет етіп, бюджеттің 26,1 млн теңгесін үнемдеп қалды. Созақ ауданының білім бөлімі 1750 келі сәбіздің бір келісін 16 786 теңгеден сатып алуды жоспарлаған. Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен енгізілген ұсынымдардың нәтижесінде 29 млн теңгенің негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.
«Түркістан облысының еріктілері «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы басталғалы бері мемлекеттік сатып алу порталын мониторингілеу барысында 578,7 млн теңгенің негізсіз жұмсалуының алдын алды. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда, өңір тұрғындарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер қатарына қосылуға және бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігін бірге бақылауға шақырамыз» делінген Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ұсынған ақпаратта. Қош делік, талай заңсыздықты көрсек те, мынадай деректерді алғаш естіп отырмыз. Соған қарағанда, қазынаның қаржысын қалтаға басуды көздегендер ар-ұятты былай қойғанда, заңнан да қорықпайтын болып тұрған секілді. Алдағы уақытта бұл мәселенің де жай-жапсарын толығырақ тарқатамыз…

C.НҰРАЙ.