ВЕЙПТЕРГЕ ТЫЙЫМ САЛАТЫН ЗАҢ ЖОБАСЫ БЕКІТІЛДІ

Бұған дейін қоғамда вейптерге тыйым салу бастамасы көтеріліп, қызу талқыланған болатын. Міне, сонда мүдделі топтардың заңды қабылдатпауға барын салып жатқаны айтылған еді. Десе де бұл әрекеттен ештеңе шықпаған сыңайлы. Өйткені жуырда Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына Сенаттың жаңа редакцияда ұсынған жекелеген баптарымен келісті.

Заң халықты сапалы және толықтай медициналық көмекпен қамтамасыз ету, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізу арқылы зиянды өтеуге мемлекет кепілдік берген пациенттердің құқықтарын іске асыру, медициналық мамандықтың мәртебесі мен беделін арттыру мақсатында әзірленді. Айта кетейік, 14 наурызда Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын екінші оқылымда қарады. Сенат заңның жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды. «Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті аталған заңның жекелеген баптарына Парламент Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қарап шықты. Бұл тұрғыда, шегілмейтін темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы үшін қылмыстық жауаптылық енгізілген. Осыған байланысты, Сенат депутаттары аталған іс-әрекет үшін осы заңды әкімшілік жауаптылықты болғызбайтын нормамен толықтыруды ұсынды» деді Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова.
Яғни енді вейптердің саудасы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп отыр. Бұдан басқа, шегілмейтін темекі бұйымдары мен вейптердің тауар белгісінің элементтерін немесе атауын пайдалана отырып, тауарларды жарнамалауға, сондай-ақ шегілмейтін темекі бұйымдары мен вейптерге сұраныс пен қызығушылықты ынталандыруға бағытталған түрлі іс-шараларды, оның ішінде жүлделер, ұтыс ойындарын, лотереяларды өткізуге тыйым салуды белгілеуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.