ЗАҢГЕР БОЛҒЫСЫ КЕЛЕТІНДЕР КӨП, АЛ САЛАНЫ МЕҢГЕРГЕН БІЛІКТІ КАДРЛАР ӘЛІ ДЕ АЗ

Бүгінде мектеп бітіруші түлектер арасындағы ең өзекті мәселе – мамандық таңдау. Жасыратыны жоқ, бүгінде көптеген түлектер еңбек нарығында сұраныс төмен мамандықтарды таңдап жатады. Сәйкесінше, жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін жұмыссыздардың қатарын толықтыруда. Мәселен, соңғы уақытта көп ата-ана балаларын «құқық» мамандығына бағыттап жатыр. Мұны Сенатта өткен заң білімінің сапасын арттыру тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференцияда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек растады.

Өз сөзінде «2000-шы жылдары гуманитарлық мамандықтарға сұраныс жоғары болды. Бірнеше жоғары оқу орны лицензияны алып, «құқық» бағытында мамандарды даярлауға кірісті. Яғни осы мамандықтарды даярлау оңай деп санады. Себебі бұл мамандыққа түрлі зертханалар құру қажет болмады. Қазір Қазақстанда 36 мыңнан астам білім алушы 59 жоғары оқу орнында оқып жатыр. Кейінгі 3-4 жылда 13 жоғары орнының лицензиясын қайтарып алып, олардың «құқық» мамандығы бойынша оқытуын шектедік. Себебі оларда білім сапасы төмен болды. Атап айтқанда, бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Қазір тиісті сараптаманы жасап жатырмыз» деп атап өтті Саясат Нұрбек. Оның айтуынша, аталған 36 мың адамның 34,5 мыңы бакалавриатта оқып жатыр.
Министрдің сөзінше, бұл зерттеуші форматтың әлі де әлсіз екенін айғақтайды. Яғни магистратура, докторантура аясында зерттеу жасап жатқан адамдар бұл салада өте аз, 5 пайыз шамасында. Сондықтан заңгерлік мамандыққа түсетін талапкерлерге ҰБТ аясында шекті балды көтеру пысықталып жатыр. Бұл қадам сапаны көтеру үшін жасалады. Кейінгі жылдары талапкерлер саны 12 пайызға артқан, яғни әлі де осы салаға сұраныс жоғары. Кәсіптік бағдар бойынша жұмыстар нашар болғандықтан, әлі күнге дейін көп ата-ана балаларын заңгерлік мамандыққа бағыттап жатыр. Олар «заңгер болсаң, жұмыссыз қалмайсың» деген пайымда жүр. Жалпы, студенттердің 97 пайызы ақылы түрде білім алып жатыр. Талапкерлер арасында сұраныс жоғары болғандықтан, жоғары оқу орындары оларды ақылы бөлімге қуана қабылдауда.
Заңгер көп болғанымен, білікті кадрға сұраныс жыл өткен сайын артып барады. Бұл туралы сенатор Нұрлан Бекназаров былай деді «Мемлекетіміздің Құқықтық саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында заңгерлік білім берудің сапасын жетілдіру Қазақстанның құқықтық жүйесін орнықты дамытудың негізгі шарты саналатыны атап өтілген. Баршамызға мәлім, кейінгі жылдары жоғары заңгерлік білім алу саласы сынға ұшырап келеді. Жалпы алғанда, ауқымды реформалар жоғары білімнің одан әрі дамуына жаңа серпін берді. Тиісті жоғары оқу орындары санының өсуі азаматтарымыздың жоғары білімге деген сұранысын қанағаттандырғанымен, мамандарды даярлау сапасына теріс әсерін тигізбей қоймады, ол әсіресе кейбір жекеменшік жоғары оқу орындарына қатысты. Сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау, сондай-ақ ұлттық заңнаманы дамыту жағдайында елімізге заманауи талаптарға сәйкес келетін білікті заңгерлер қажет. Себебі құқықтық тәртіп пен азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сапалы қорғау, білікті заңгерлерді даярлау деңгейіне тікелей байланысты».
Кейбір деректерге сүйенсек, кейінгі 6 жылда Қазақстанда 106 мыңнан аса заңгер дайындалған. 2023 жылы бітірген түлектер саны 14 262-ні құрап, олардың 57 пайызы ғана жұмысқа орналасқан. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған түлектер саны — 366 адам, қалғандары — ақылы түрде білім алғандар. Дегенмен нақты саланы дамыту ісіне келгенде бұл сандардың ешбір пайдасы болмай келеді…