САУДА СӨРЕЛЕРІНДЕГІ ОТАНДЫҚ ӨНІМНІҢ ҮЛЕСІ ҚАНША?

Елімізде отандық өндірісті өркендетуге айрықша көңіл бөлініп келеді. Дегенмен әлі де импортқа тікелей тәуелді екеніміз жасырын емес. Бүгінде кейбір тауарларды шеттен тасуға мәжбүрміз. Өйткені Қазақстанда жасалған тауарлар ішкі нарықтағы сұранысты жаба алмайды. Осындайда сауда сөрелеріндегі отандық өнімнің үлесі қанша деген заңды сауал санамыздан сығалайды. Енді бұл сұрақтың жауабы да белгілі болды…

Жуырда ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев Қазақстанның шекара жақтағы өңірлерінде дүкен сөрелерінде қанша импорттық өнім барын айтты. Нақтырағы «Біз әріптестерімізбен сөрелерде қанша импорттық тауар бар екенін көру үшін қазан, ақпан айларында шекара маңындағы 4 аймақты араладық. Егер жаппай тұтыну тауарлары туралы айтсақ, мәселен сүт — сүт өнімдері, шұжық — шұжық өнімдерінің 90-95 пайызы шекара маңындағы өңірлерде қазақстандық тауарлар екенін көрдік. Иә, ірімшік сияқты кейбір өнімдерде бұл пайыз өңдеу дамымаған жерде 60-65 пайызға дейін төмендейді» деді ол.
Бүгінде отандық өнімді қолдау шаралары қарқынды жүргізіліп келеді. Субсидиялар берілуде. Импортқа келсек, мұнда мемлекеттік бақылау шаралары қолданылады. Бірқатар көрші елдерден кейбір импорттық тауарларды әкелуге тыйым салынған. Дегенмен мұның өзі ішкі өндірісті айрықша өркендетіп жіберді деуге әлі ерте. Шағын және орта бизнестің кең қанат жаюына әлі де уақыт керек. Оған дейін импортқа иек артуға мәжбүрміз…

Ж.БАЛАУСА.