ПЕДАГОГТІҢ ҮЗДІКСІЗ КӘСІБИ ДАМУЫ – ТЫНЫМСЫЗ ІЗДЕНІС НӘТИЖЕСІ
Мұғалімдік – кәсіби шеберлікті дамыту үшін үнемі жұмыс жасауды қажет ететін мамандық. Мұғалімді аттестаттау – бұл оқу үдерісін тиімді ұйымдастыру үшін қажетті біліктер мен дағдыларды меңгерудің нақты деңгейін көруге мүмкіндік береді.
Елімізде педагогтерді аттестаттаудың жаңа ережелері білім беру сапасын арттырудағы маңызды қадам болды. Аттестаттау мұғалімдердің жетістіктерін әділ бағалауға, нақты құзыреттерін анықтауға және олардың кәсіби өсуін ынталандыруға бағытталған. Жаңа жоба әлеуметтік әділдікті, ашықтықты және академиялық адалдықты қамтамасыз етеді.
2016 жылғы 27 қаңтардағы №83 бұйрығына өзгерістер енгізіліп, Аттестаттау Қағидаларының жобасы «Ашық нормативтік-құжаттық актілер» порталына жарияланды, өзгерістерді атап айтсақ:
Аттестаттау комиссиясы жылына 2 рет өткізілетін болса, ереже бекітілгеннен кейін жылына 1 рет өткізіледі.
Сабақ (оқу сабағы, іс-шара, ұйымдастырылған іс-әрекет) — педагогтің кәсіби өсуінің көрсеткіші. Жобада осыған көп мән берілген!
Педагог-модератор – 4 бақылау парағы,
Педагог-сарапшы – 5 бақылау парағы,
Педагог-зерттеуші – 6 бақылау парағы,
Педагог-шебер – 7 бақылау парағын жүктейді.
Білім беру ұйымы педагогтерді аттестаттау үшін материалдарды қалыптастыруға жәрдемдеседі. Бұл дегеніміз Мемлекеттік қызметті білім беру ұйымдары, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың білім бөлімдері, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың білім басқармалары, Орта білім беру комитеті, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі (бұдан әрі – қызмет көрсетуші) мемлекеттік қызмет көрсетеді.
Ережеде 2024 жыл өтпелі кезең ретінде қарастырылған. Бұл жылы 2023- 2024 жылы біліктілік санатының мерзімі келген, яғни кезекті педагогтер мен бұрынғы форматтағы (екінші, бірінші, жоғары санаттағы) біліктілік санаты бар педагогтер өтеді. Республика бойынша екінші, бірінші, жоғары санаттағы 40000-нан астам педагог аттестаттаудың қолданыстағы форматына ауысуға мүмкіндік берілген. «Екінші санат», «бірінші санат», «жоғары санат» біліктілік санаттары бар орта білім беру ұйымдардың педагогтерін аттестаттаудан өту мерзімі осы Қағидалар редакциясы қабылданған күннен бастап ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін (басқа білім беру ұйымдарының педагогтері үшін – 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін).
Өтпелі кезеңде барлық санаттағы педагогтер білімін бағалау рәсімінде пәндік білім+оқыту әдістемесінен жалпы 50 сұрақ беріледі. Ұлттық платформа іске қосылғаннан бастап оқыту әдістемесі тек «педагог-модератор» біліктілік санатын бірінші рет қорғайтын педагогтер ғана тапсырады. Қалған педагогтер тек пәндік білім бойынша тест тапсырады.
ПББ тесті қанағаттанарлықсыз болған жағдайда:
- растау кезінде – санат бір деңгейге төмендейді.
- жоғарылату кезінде – санат ПББ нәтижесінен жоғары болмайды
Биылғы Ереже жобасында ПББ тестін білім беру ұйымдарының басшы орынбасарлары да, Әдістемелік орталықтың әдіскерлері де тапсырады, білім беру ұйымдарының (әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) бірінші басшылары, басшының орынбасарлары үшін:
«Қазақстан Республикасының заңнамасын және нормативтік құқықтық актілерді білу» бағыты бойынша — алпыс тест тапсырмасы:
әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) әдіскерлері үшін:
«Оқыту әдістемесі, Қазақстан Республикасының заңнамасын және нормативтік құқтық актілерін білу» — елу тапсырма
ПББ тестін тапсыру тәртібін бұзу жағдайы тіркелсе, қолданыстағы Ережеде тестілеу кезінде ережені бұзғаны үшін педагог 5 жылға шеттетілсе, жаңа жоба бойынша келесі тестілеуге қатысуға 1 жылға дейін тыйым салу мерзімі қысқарады, тәртіп бұзу 2 рет тіркелген жағдайда, 5 жылға тыйым салынады.
Санаттың қолданылу мерзімі уақытша еңбекке жарамсыз адамдар, бала күтімі бойынша демалыстан кейін, білім беру ұйымдарына білім беру саласындағы уәкілетті органнан, әдістемелік кабинеттерден, біліктілікті арттыру институттарынан ауысқан жағдайда 1 жылдан 2 жылға дейін ұзартылды.
«Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» кадрлық резервіндегі тұлғаға — лауазымға тағайындалған кезде «бірінші санатты басшы» біліктілік санаты беріледі және басшылар мен олардың орынбасарларына арналған тестілердің мазмұны «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бойынша сұрақтармен толықтырылған. Бұл өзгеріс – білім беру ұйымдарындағы жемқорлықты болдырмаудың алдын алу жолы деп түсінеміз.
Педагогтер білімін бағалау (ПББ) — тест тапсыру арқылы өтеді. Растау кезінде, 30 жыл немесе оданда көп жыл педагогикалық еңбек өтілі бар педагогтер ПББ босатылады.
Жасы зейнеткерлікке төрт жылдан аз қалған педагогтер аттестаттау рәсімінен босатылады. Тағайындалған біліктілік санаты оның берген өтініші негізінде зейнеткерлік жасқа толғанға дейін сақталады.
Жаңа жоба негізінде, педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ету мақсатында автоматтандырылған жүйенің «Ұстаз» Ұлттық платформасының құрылуы көңіл қуантады. Мұғалім мен білім алушылардың жетістіктерін растайтын педагогтің жеке кабинетінің деректері және оның кәсіби қызметінің құжаттары, тәжірибені жинақтау (трансляциялау), біліктілікті арттыру туралы мәліметтер бар ақпараттық жүйенің қолданысқа енгізілуі — осы кезге дейін электронды портфолио жинақтау кезеңіндегі кейбір түсініспеушілік мәселелерін болдырмаудың, академиялық адалдықтың нақты шешімі деп білеміз.
Түсіндіру жұмысының механизмі негізінде әр өңірде осы Ережені түсіндіру мақсатында мобильді топ құрылып, педагогтерді аттестаттау қағидаларына енген өзгерістер және «Ұстаз» атты педагогтің үздіксіз кәсіби даму ұлттық платформасын іске қосуға байланысты бірыңғай call-орталық құрылды. Жауапты мамандар аттестаттаудан өтудің жаңа форматы туралы барлық сұрақтарға жауап беруде.
Шымкент қаласы бойынша мобильді жұмыс тобы Шымкент қаласында білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің, «Өрлеу» БАҰО» АҚ Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша Кәсіби даму институты мен Шымкент қаласының білім басқармасының, Әдістемелік орталықтың қызметкерлері мен білім беру ұйымдарының басшы орынбасарларынан жасақталды.
Түсіндірме жұмыстары 2024 жылдың 4 наурызынан басталып, «Өрлеу» БАҰО» АҚ Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша КДИ базасында Ашық НҚА-да жарияланған Педагогтерді аттестаттау Ережесінің жаңа жобасын талқылау мақсатында Шымкент қаласы бойынша мобильді топ мүшелері, Шымкент қаласының білім басқармасының, Әдістемелік орталықтың жауапты мамандарының қатысуымен кездесу ұйымдастырылды.
Кездесу барысында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бекітілген бағыттық кестесі бойынша жұмыс ережесі, түсіндіру жұмыстарының құрылымы таныстырылып, нұсқаулық берілді. Жұмыс жоспары аясында Шымкент қаласы бойынша мобильді топ жетекшісі ретінде №83 бұйрық бойынша аттестаттау ережесінің қағидалары мен шарттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулармен таныстырып, білім беру ұйымдарымен түсіндірме жұмыстарын жүргізу механизмі нақтыланды, жұмыс тобына арнайы нұсқаулық берілді.
Кесте бойынша «Өрлеу» БАҰО АҚ Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша КДИ аттестация бойынша жауапты мамандары Шымкент қаласының білім басқармасының, Әдістемелік орталықтың жауапты мамандарына түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
2024 жылдың 04-06 наурыз аралығында педагогтерді аттестаттау Ережесінің жаңа жобасын түсіндіру мақсатында құрылған жұмыс тобының құрамы жоспарға сай өз жұмысын Шымкент қаласындағы №24 С.Ерубаев атындағы IT мектеп-лицейі, №1 “TALANT” жалпы орта мектебі және Политехникалық колледжі базаларында мектептердің (мемлекеттік және жеке меншік) басшылары мен орынбасарларына, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының басшылары мен орынбасарларына, мектепке дейінгі ұйым (мемлекеттік және жеке меншік) басшыларына педагогтерді аттестаттау Ережесінің жаңа жобасын талқылау, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жиын барысында қазіргі таңда қоғамда қызу талқыға түскен негізгі өзгерістер, сондай-ақ, мерзімінен бұрын аттестаттау, ПББ рәсімінен, жалпы аттестаттау рәсімдерінен толықтай босатылу және ерекше біліктілік санаттарын беру жөніндегі мәселелер қызу талқыға түсті. Өтпелі кезеңдегі, Платформа іске қосылғаннан кейінгі кезеңдегі ПББ жағдайындағы нақты өзгерістерге тоқталып, педагог сабағын бағалау процесіндегі негізге алынатын критерийлер жайлы толық ақпараттар берілді.
Қатысушылар тарапынан жан-жақты қойылған сауалдарға жауаптар алынып, түйткілді сұрақтар жазылып алынды, ұсыныстар мен пікірлер ескеріліп, аттестаттау бойынша сараптама тобына жіберілетінін жеткізді.
Бұл енгізілген өзгерістердің барлығы педагогтің кәсіби өсуіне, білім сапасының артуына негізделген. Біз, бәріміз де мұғалімнің біліктілік санаты балалардың біліміне бірден бір әсер ететінін түсінеміз. Сапалы ұрпақ тәрбиелеу жолында бұл қадам да басты факторлардың бірі болып табылады.
Еліміздің білім сапасын арттыру, әлемдік бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – ұстаздардың қолында. Әрине, бұл жеңіл жүк емес. Білімі мен білігі ұштасқан педагог кез келген сынақтан сүрінбей өтетініне сеніміміз мол. Бұл жоба, өзінің бар саналы ғұмырын білім мен ғылымға арнаған ұстаздарымыздың жүгін жеңілдетеніне сенеміз!
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ «Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институты» филиал директоры, п.ғ.д., профессор Лаура Тұрлыбекқызы Искакова.