ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ АЙРЫҚША НАЗАРҒА АЛЫНБАҚ

Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылыммен қамту ісі қарқынды жүріп келеді. Бұл ғана емес, қалада жайлы орта қалыптастыру бағытында әр аудан бойынша жүзеге асып жатқан шаруалар шаш-етектен. Осы орайда, жуырда Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз брифингін өткізіп, бірқатар маңызды сауалдарға жауап берді.

Аудан әкімінің мәліметінше, Әл-Фараби ауданы қаламыздың орталық ауданы болғандықтан, инфрақұрылым жүйесіне кіретін ауыз су, табиғи газ және электр жарығымен 100%-ға қамтылған. Жалпы Әл-Фараби ауданының аумағы 19 880 га жерді құрайды, халық саны — 234 857 адам. Аудан аумағында 926 көпқабатты тұрғын үй 623 аулаға біріктірілген. 16 633 жеке үй, 6 саябақ, 16 гүлзар, 20 ескерткіш және 12 субұрқақ бар. 2023 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында тұрғындардан түскен ұсыныстар бойынша 24 балалар және 2 спорт алаңшасы орнатылды. 2024 жылы жоғарыда аталған бағдарлама бойынша тұрғындардан түскен ұсыныстар негізінде 70 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларында абаттандыру, балалар ойын және спорт алаңшаларын орнату жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен тиісті қаржы қаралған. Осы тұста айта кетерлігі, «Халық қатысатын бюджет» жобасы шеңберінде балалар ойын және спорт алаңшаларын орнату жұмыстарын 2024 жылдың соңында 78,3%-ға, 2025-2026 жылы 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар аудан тұрғындарына демалыс орындарын ұлғайту және қолайлы орта қалыптастыру мақсатында аудан аумағында 2024 жылға 3 гүлзар салу жобасы жоспарланған.
Әл-Фараби ауданында қоғамдық қауіпсіздікті және қолайлы ортаны қалыптастыру мақсатында 2023 жылы әлеуметтік маңызы бар нысандар орналасқан 14 көше жарықтандырылса, 2024 жылы 118 көшені жарықтандыру жоспарланып отыр. Сәйкесінше, биылғы жылдың қорытындысымен жарықтандырылатын көше саны 242-ні құрап, әлеуметтік маңызы бар нысандар толық қамтылады. Қала көркін айшықтау және безендіру мақсатында Республика даңғылы, Тәуке хан даңғылы және Теріскей мөлтекауданында 16 көпқабатты үйдің қасбеті жарықтандырылады. Сондай-ақ қаланың көркін аша түсіп, жаңаша келбет қалыптастыру мақсатында тұрғын үй басқармасы тарапынан 20 көпқабатты үйлердің қасбеттерін реттеу және әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, 22 көпқабатты үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пәтер иесінің өмір сүруіне қолайлы жағдай қамтамасыз етіліп, коммуналдық инфрақұрылым жақсарту және қала көркін муралдар орнату арқылы ашып, тұрғындарға жағымды көңіл күй сыйлау мақсатында 7 көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы қасбетіне мурал салу жоспарланып отыр.
Жиын барысында «2024 жылы аудан тұрғындарының сұранысы бойынша қауіпсіздіктері мен қолайлы орта қалыптастыру бағытында көпқабатты үйлердің аула ішіне 112 жарықтандыру шамдарын орнату және тұрғын үйлер аулалары мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бейберекет қоқыс тастау мәселесін алдын алу мақсатында цифрландыру басқармасы тарапынан 114 бейнекамера орнату жоспарлануда. Аталған бейнекамералар полиция департаментінің жедел басқару орталығына жалғану жұмыстары да жүргізілетін болады» деді Рашид Мыңбаев.
Аудан әкімінің айтуынша, Әл-Фараби ауданында қазірде ұзындығы 260 шақырымды құрайтын 390 көше, даңғыл және өткелдер бар. Аталған көшелердің 235 шақырымды құрайтын 316 көшесі асфальт, 25 шақырымнан тұратын 74 көше тас жолды құрайды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша аудан көлемінде 29 көшеге 13 шақырым асфальт салынған. Жалпы 2024 жылы асфальтталған көшелердің санын 366 көше, яғни 94%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Жергілікті тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және сапалы жол салу мақсатында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан 2024 жылы 47 көшеге, 2025 жылы 20 көшеге асфальт төселеді. Сондай-ақ, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде қала тұрғындарының өтінішін қанағаттандыру мақсатында 2024 жылы жалпы 21 шақырымды құрайтын 58 ішкі орам көшелері мен көпқабатты тұрғын үй аулаларына аяқжол салынады. Сонымен қатар 17 шақырымды құрайтын 427 көпқабатты тұрғын үй аулаларындағы жолдарға жөндеу жүргізіледі.
Қазіргі уақытта аудан бойынша жалпы ирригация жүйесінің ұзындығы 10 шақырымды құрайды. Аталған бағытта 2023 жылы аудан аумағында су басу қаупі бар көшелер анықталып, оның 5-еуіне ирригациялық арықтар салынса, 2024 жылы жалпы аудан аумағында су басу және көлдеу қаупі бар мекенжайлар зерделеніп, 12 көшеге ирригациялық жүйелер салу бастамасы көтеріліп отыр.