ТҰРҒЫНДАРҒА КӘСІПКЕРЛІК БАҒЫТТА КЕҢЕСТЕР БЕРІЛДІ

Елімізде кәсіпкерлік саланы дамыту бойынша қыруар іс атқарылып жатыр. Қазіргі уақытта саладағы қызмет цифрлық жүйеге еніп жатыр. Жер-жерде кәсіп бастағысы келетін азаматтарға арналған түрлі бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асып келеді. Оның ішінде Шымкент қаласында қолға алынып жатқан шаруалар шаш-етектен. Мәселен, жуырда үшінші мегаполисте тың ақпарат пен керек кеңестер берілген айрықша жоба өтті. Тарқатайық…

Нақтырағы, қала әкімдігінің бастамасымен «Көрме» орталығында тұрғындар мен кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаулар бойынша түсіндірме жүргізілді. Бағдарламаларға енгізілген өзгерістерді жеткізу мақсатында ұйымдастырылған шарада қолдау шарттары таныстырылып, заңгерлік, бухгалтерлік кеңестер берілді. Биылғы жылы қайтарымсыз гранттар ережесіне бірқатар өзгерістер енгізіліп отыр. Конкурсқа әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген бизнес субъектілері ғана қатыса алады. Тізілімге енгізілетін кәсіпкерлерге жаңа талаптар бекітілген. Сонымен қатар банк несиелерін субсидиялау экономиканың басым секторларына жататын өңдеу өнеркәсібіне бағытталып отыр. Несиелендіру мерзімдері алғашқы 3 жылда — 8 %, 4 жылы — 9 %, 5 жылы — 10% болмақ. Қызмет көрсету саласы бойынша субсидиялау мерзімі 5 жылдан 3 жылға қысқартылды. Несиелендіру сомасы микро бизнес – 20 млн теңгеге дейін, шағын және орта бизнес – 3 млрд теңгеге дейін, ірі бизнес өкілдері үшін – 15 млрд теңгеге дейін рәсімдеуге болады.
Іс шараға ауыл шаруашылығы және ветеринария, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, туризм және сыртқы байланыстар, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармаларының, «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы», екінші деңгейлі банк өкілдері, «Shymkent» ӘКК» АҚ, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы, «Сауда-логистикалық орталығы», «Атамекен» палатасының мамандары қатысты.