ҚАЛА ӘКІМІ ЖЕҢІМПАЗ ӨРЕНДЕРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Бүгінде өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына барлық жағдайлар жасалып келеді. Оның ішінде Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан шаралар аз емес. Қазіргі уақытта үшінші мегаполисте балалардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған орталықтар жұмыс істейді. Ол қатарда робототехника үйірмесі де бар. Сәйкесінше, осындай үйірмелерге қатысып, талантын ұштап жатқан балалар жетерлік. Мұны түрлі жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанып жүрген оқушылар дәлелдеп келеді. Тарқатайық…

Жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Астана қаласында робототехникадан өткен «Central Asia FIRST Championship» жеңімпаздарымен кездесті. 23-25 ақпан аралығында өткен чемпионатқа қаламыздан 3 топ қатысқан. Нәтижесінде «Dreamzzz» командасы «Жоғары кәсіби біліктілігі үшін», «RoboFiksiki» командасы «Үздік командалық дизайн» номинацияларын иеленді. Орталық Азия чемпионатының жеңімпаздары «Shymside» командасы АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.
Жеңімпаздармен жүздескен қала әкімі «Әлемнің 10 елінен үш мыңнан астам оқушы қатысып, Гонконг, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия командаларының арасында жеңіске жетіп, Орталық Азия чемпионы атанғандарыңыз үшін алғыс білдіремін! Сіздердің топ жарып, халықаралық конкурсқа жолдама алғандарыңыздың өзі — үлкен жеңіс. АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін білім сайысында Қазақстан ұлттық құрамасымен бірге еліміздің және қаламыздың намысын қорғап, тағы да жеңіске жетіп, көк туымыз биікте желбірейтініне сенім білдіремін» деді. Еркін форматта өткен кездесуде дарынды балалар қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, арнайы сыйлықтарға ие болды.