ҚАЗАҚСТАН ИНТЕРНЕТ ЖЫЛДАМДЫҒЫ БОЙЫНША 69-ОРЫНҒА ЖАЙҒАСТЫ

көрші елдердің көрсеткіші қандай?

Бүгінде цифрлық жүйе қоғам өміріне дендеп еніп барады. Жасыратыны жоқ, соңғы пандемиядан кейін бұл процесс жеделдеді. Дегенмен цифрлық қызметте пайдалануға сапалы интернет қажет. Ал бұл сала қалай дамып жатыр? Көрші елдермен салыстырғандағы көрсеткішіміз қандай? Бүгінгі материалымызда осы тақырыпты толық ашу үшін халықаралық зерттеулер мен статистиканы саралап көрмекпіз…

Ресми көрсеткіштерге сенсек, бір жылда еліміздегі мобильді интернет жылдамдығы 59 пайызға өсіп, 35,21 Мбит/с болды. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан ЕАЭО-дағы барлық одақтастары мен Орталық Азиядағы көршілерін басып озды. Мобильді интернет жылдамдығы бойынша «Speedtest» жаһандық рейтингінде Қазақстан үш саты көтеріліп, 2024 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша, 69-орынға шықты. Бұл ретте Армения 79-орынға, Өзбекстан 91-орынға, Қырғызстан 94-орынға, Ресей 99-орынға, Беларусь 130-орынға жайғасқан. Бұл туралы Finprom.kz зерттеуінде көрсетілген. Жалпы елімізде мобильді интернеттің сапасы жылдан жылға жоғары қарқынмен өсіп келеді. Мұны халықаралық агенттіктер де растап отыр. Жақында «Ookla» есебінде Қазақстандағы барлық технологиялар бойынша мобильді құрылғыларға жүктеп алудың орташа жылдамдығы 2022 жылдың желтоқсанынан 2023 жылдың желтоқсанына дейінгі 12 ай ішінде біртіндеп жақсарғанын атап өтті. Осы жақсартудың нәтижесінде Қазақстан 2023 жылы «Speedtest Global Index» рейтингінде 23 орын көтерілді.
Жеке қалаларды қарастыратын болсақ, Алматы Орталық Азиядағы ірі қалалар арасында 4G жүктеп алудың ең жоғары медианалық жылдамдығын тіркеді. 2023 жылдың төртінші тоқсанында ол 32,32 Мбит/с болды. Астана көршілес қалалар арасында 27,24 Мбит/с орташа жүктеу жылдамдығымен екінші орынға тұрақтап, Қырғызстан астанасы Бішкекті, Өзбекстан астанасы Ташкентті және Тәжікстан астанасы Душанбені басып озды. Сондай-ақ баяндамада қазақстандық ұялы байланыс операторлары сенімді және жоғары жылдамдықты ұялы байланыс қызметтеріне өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін өз инфрақұрылымына қомақты қаржы салып жатқаны айтылған.
ҚР ұялы байланыс операторлары ішінде 2023 жылдың төртінші тоқсанында Tele2 ең жақсы «Consistency Score», яғни жүктеу жылдамдығын көрсетті. Оператордың көрсеткіші 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 85,3 пайызды құрады. Екінші орынды 80,2% көрсеткішпен Kcell, үшінші орынды 78,3% көрсеткішпен Beeline алды. Қазақстандағы ұялы байланыс көрсеткіштері Tele2/Altel және Kcell байланыс операторлары жүзеге асыратын 5G желісін енгізуге байланысты жақсаруда. Есепке сәйкес, 2023 жылы қарашаның ортасында 1 мыңнан астам жұмыс істейтін базалық станциялары бар 15 қалада 5G қолжетімді болды. Орнатылған және іске қосылған базалық станциялар саны бойынша көшбасшы — Tele2/Altel.
Операторлар ірі қалаларда 5G желісін қамтуды кеңейту бойынша жұмыс істеп қана қоймай, оны облыс орталықтарында да енгізуде. Мәселен, бесінші буын желілері қазір бүкіл ел бойынша 18 қалада қолжетімді. Қазіргі 4G желісінің өнімділігі интернетті шолу, лезде хабар алмасу сияқты кейбір күнделікті жұмыстар үшін жеткілікті болғанымен, 5G мүмкіндіктерімен салыстырғанда төмен. «Ookla» деректеріне сенсек, 2023 жылдың төртінші тоқсанында 5G қолдайтын құрылғыларды пайдаланушылардың жүктеп алу медиандық жылдамдығы 70,05 Мбит/с құрады, ал 4G қосылған құрылғыларды пайдаланушылар үшін бұл көрсеткіш — 28,26 Мбит/с. Жылдамдықтағы айырмашылық — 2,48 есе. Елімізде бесінші буын желісінің әлеуетті тұтынушыларының саны жылдан жылға артып келеді.
Қорыта айтқанда, үкімет пен ұялы байланыс операторларының іс-әрекетінің арқасында елімізде интернеттің сапасы артып, Қазақстанды көршілес және одан тыс елдермен салыстырғанда бәсекеге қабілетті елге айналдырды деп айта аламыз. Бұл өз кезегінде еліміздің халықаралық аренадағы беделіне де, халықтың өмір сүру сапасына да оң әсерін тигізеді. Дегенмен арқаны кеңге салуға әсте болмайды. Интернет сапасы нашар өңірлер әлі де көп. Қала берді, министр сөз еткен Токиомен әзірге тайталаса алмасымыз анық. Қош делік, көрсеткіштер жаман емес. Әйтсе де ТМД төңірегінен өзге елдер барын, ондағы көрсеткіштер бізден әлдеқайда артық екенін ұмытуға болмайды.

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.