САНАЛЫ ҒҰМЫРЫН ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ СЫНДЫ ҰЛЫ ІСКЕ АРНАҒАН ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ
Елімізде саналы ғұмырын белгілі бір салаға арнаған өнегелі өмір иелері көп. Олардың арасында отбасы қамынан бөлек, бала тәрбиелеу ісіне араласып, елдің көкейтесті мәселесіне атсалысып жүрген нәзік жандылар жетерлік. Осы орайда, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында осындай ерен еңбек иесі турасында тарқата баяндауды жөн санап отырмыз. Ол – Шымкент қаласындағы М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінің арнайы пән оқытушысы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының белсенді мүшесі Ләззат Амантайқызы Жантұрсынова.
Бұл есімді колледж шәкірттері жақсы танып, аса құрмет көрсетеді. Білімі мен тәжірибесі толағай маман 1967 жылы Қарағанды облысының Балқаш қаласында дүниеге келген. Кейіпкеріміз 1984-1987 жылдар аралығында Еңбек Қызыл Ту орденді Қарағанды политехникалық институтында құрылысшы мамандығы бойынша білім алды. 2002-2005 жылдары Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде білімін толықтырды. Соңғы 17 жыл ішінде білім беру ісінде үзіліссіз еңбек етті. 2008 жылдан бері М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа тхнологиялар көлледжінде қызмет етіп келе жатқан кәнігі кадр талай шәкірттің талантын ұштап, талабын таныды. Өмірден өз жолын табуына септін болды. Ұстаз шәкірттерімен қатар, өзіне де жоғары талап қоя біледі. Осының арқасында білім беру ісіндегі соңғы технологияларды жетік меңгерген. Мамандығы бойынша да әлемдегі өзгерістерді, жетістіктер мен жаңалықтарды саралай білетін сарапшы десек, артық айтқанымыз емес. Күні бүгінге дейін «Тас қалау жұмысының технологиясы», «Проектирование строительного генерального плана», «Производство земляных работ» тақырыптарымен оқу құралдарын жарыққа шығарып, білім беру ісіне енуіне де тікелей ықпал етті.
Ләззат Амантайқызының жетекшілігімен оқу орнын бітірген жас мамандарға сұраныс жоғары. Өйткені ұстаз білім беру ісінде көптің бірі секілді теорияға тойдырып, өндірістік практикаға келгенде өздігінен алып кете алмайтындай етіп тәрбиелемейді. Кәнігі маманның қолына түскен жастар ысылып шығады. Заманауи технологияны терең меңгереді. Құрылыс саласына қатысты жаңалықтармен танысып, түрлі бағдарламаларды бес саусақтай біліп шығады. Осы қабілетін айқын аңғарған оқу орнының басшысы бірқатар жауапты міндеттерді кейіпкерімізге жүктегені бар. Нақтырағы, 2015-2020 жылдар аралығында «Құрылыс пәндері» кафедрасының тізгінін қолына ұстатты. 2016-2017 жылдары колледждегі эксперименттік білім беру бағдарламасын әзірлеу жөніндегі авторлық топтың мүшесі сынды жауапты жұмысты желкесіне жүктеді. Қай істі алса да, иіріп әкететін ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында кейіпкерімізге деген құрмет ұжымда арта түсті. Бұл ғана емес, 2017 жылы «Мәңгілік елдің мәртебелі мұғалімі» жобасы аясында Ләззат Амантайқызының «Кәсіптік білім беру жүйесінде оқушылардың дағдыларын қалыптастырудағы ішінара ізденіс әдісінің тиімділігі» тақырыбындағы жұмысы жарияланып, республикалық «Білім шыңы – ғылым сыры» журналының төсбелгісімен және Құрмет грамотасымен марапатталды. 2018 жылы «Алматы облысының білім басқармасы» ММ «Талдықорған политехникалық колледжі» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында, 2019 жылы Академик С.А.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр колледжінде мамандандырылған аккредиттеу шеңберінде сыртқы аудит жүргізу үшін Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттігімен құрылған сараптама тобының құрамына енді. Бұдан бөлек, кейіпкеріміз — студенттердің ұзақмерзімді өз бетінше ізденіс жұмыстарын жүргізу дағдыларын дамыту, ой-өрісін кеңейту, кәсіби бағдар беру, түрлі деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатыстыру мақсатын көздейтін шығармашылық үйірменің жетекшісі. 2017 жылдан бері «WorldSkills Kazаkhstan мастер года-2017» чемпионатының қалалық, облыстық және республикалық кезеңдеріне қатысып, жүлделі орындарға ие болған. 2019 жылы «WorldSkills Kazаkhstan-2019» чемпионатында шәкірті Жасурбек Нариев 1-орынды иеленді. Жалпы кейіпкеріміздің шәкірттері жеткен жетістіктердің өзі арнайы тақырыпқа арқау болады десек, артық айтқанымыз емес.
Өз саласында аса құрметке ие маман көптеген марапаттарды еншілеген. Нақтырағы, әр жылдары М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжі басшылығының, Шымкент қаласы білім басқармасының, облыстық басқармалардың, облыс және қала әкімдерінің, бұрынғы Білім және ғылым министрлігінің, Оқу-ағарту министрлігінің, «AFNOR» ассоциациясының, Ауғанстан Ислам Республикасының Бас консулдығының Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен мадақталған. 2022 жылы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың атынан «2022 жылдың Үздік педагогы» атағы табысталған. Бүгінде бірнеше авторлық білім беру бағдарламаларына иелік ететін ұстаздың бұдан өзге жеткен жетістігі мол. Бұл қатарда педагогтер арасында өтетін түрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп келе жатқаны айрықша айтуға тұрарлық. Талай додада оза шауып, «Үздік ұстаз» атанып жүрген кейіпкеріміз турасында қанша жазсақ та, қаншама мақтасақ та аз. Өйткені білімі мен біліктілігі жоғары кадрдың қоғамға, елге сіңірген еңбегі орасан.
Бүгінде Ләззат Амантайқызы қоғамдық-саяси өмірге де белсене араласып келеді. Нақтырағы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының белсенді мүшесі ретінде өнегелі де өрнекті істің үлгісін көрсетіп жүр. Қорыта айтқанда, бір бойына сан түрлі қабілетті тоғыстырып, толағай тірлік тындырып жүрген жанның еңбегі елге үлгі. Осы орайда, келе жатқан мерекеге орай, Ләззат Амантайқызын редакция атынан құттықтаймыз! Еңбегіңіз жемісті, бастамаларыңыз сәтті бола берсін! Отбасыңызға амандық, деніңізге саулық тілейміз!
«Уақыт».