ҚОҚЫСТЫ ӨҢДЕУ КӘСІПКЕ АЙНАЛА АЛМАЙ КЕЛЕДІ
ал мемлекет субсидия төлеуге дайын
Қоршаған ортаның ластануы қазіргі таңда ең өзекті мәселеге айналып отыр. Бірқатар дамыған елдер қоқысты кәдеге жаратуды жолға қойып алса, енді бір елдерде қоқыс полигондарын реттеу мен жою күн тәртібінен түспей тұр. Ал бізде қалдықтарды өңдейтін кәсіпорындарға мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Бұл туралы «Жасыл даму» АҚ басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбай орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлімдеді.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, биыл 1 тонна пластикалық қаптамаға 67 379 теңге төленеді. Оның ішінде алым — 33,4 мың теңге, тасымалдау — 27,3 мың теңге, ал қайта өңдеу — 6,6 мың теңге. 2024 жылы жалпы тұрмыстық қалдықты қайта өңдеуге 7,6 млрд теңге жоспарланған. Нақты тарифтер белгіленген. Бұдан бөлек, қоқыс өңдеу жобаларына арнайы қор арқылы 3 пайыздық несие де беріледі.
Бір сөзбен айтқанда, қоршаған ортаны қорғау үшін кәсіпкерлерді ынталандыру тетіктері жасалып жатыр. Бұл туралы басқарма төрағасы «Қосымша қалдықты жинау және қайта өңдеу технологияларын енгізуге, қайта өңдейтін зауыт салуға, ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жетілдіруге арналған жобаларға 200 млрд теңге бөлу жоспарланған. Қаржыландыру «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы 3 пайыздан аспайтын жылдық сыйақы мөлшерлемесімен 3 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімде қайтару механизмімен іске асады» деп атап өтті. Қош делік, қоқысты кәдеге жарата білсек, пайда көп. Ал оған кәсіпкерлер құлықты ма? Бұл сұрақтың жауабын алдағы уақытта білеміз.
С.НҰРАЙ.