ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖОЮҒА МҮДДЕЛІ

былығы бітпейтін басқарма басшыларына тықыр таяды

Бірнеше күн бұрын еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіні шулатқан оқиға болды. Ашып айтар болсақ, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков өткізген әкімдік аппаратының жиналысында шенеунік ұсталды. Бұрындары лауазымды қызметкерлердің құрықталып жатқанын жиі оқығанымызбен, жиналыстың қақ ортасында орын алған мұндай жағдайды көргеніміз жоқ. Тосын жайт жиында отырған барша шенеуніктерді тосырқатып қойды. Мұны бейнежазбадан анық та айқын көруге болады. Қош делік, ақ жолдан тайып, адалдықтан аттаған қызметкерлермен күрес қатты боларын Ғабит Әдбімәжитұлы келгелі айтып келеді. Өткенге шегінейік…

Әкім орынтағына отырған сәттен бастап бұқарамен де, белсенділермен де жиі жүздесіп, сауалдарына жауап беріп келе жатқан шаһар басшысы бұдан біраз уақыт бұрын әлеуметтік желідегі белсенді блогердің «Жемқорлықты жоямыз ба?» деген сауалына «Жүйе болып кеткен ғой, жүйені бұзуға тырысамыз» деп қысқа қайырған болатын. Жасыратыны жоқ, еліміздегі үшінші мегаполистің аты жемқорлық пен сыбайластыққа шырмала жүреді. Қоғамның тамырына сіңгені сонша, қарапайым еден жуушы болып кіруге де қаржы талап етеді дегенді жиі естиміз. Ақиқатты ашып айтқысы келген адамды ауызбастырықпен алдағысы келетінін де желідегі жұрт жиі жазып жүр. Өрмекшінің торындай шырмалып жатқан жүйені бұзуға ұмтылғандар да болды. Әйткенмен жігері құмға айналып, көбі нәтижені көрсете алмай кетті. Ал енді жуырда ғана болған жағдай қала әкімінің о баста айтқан сөзін қуаттап, позициясын айқындай түскен тәрізді.
Қалың оқырманның жадында болса, қала әкімі ауысқан уақыттан бері бір емес бірнеше басқарманың басшысы қызметтен кетті. Міне, сонда көптің көкейінде сан түрлі сауалдың туындағаны анық. Неліктен олардың Ғабит Сыздықбеков келгеннен кейін кеткені де тұманды болатын. Жуырда ғана өткен аппарат мәжілісінде шаһар басшысы бұл сауалға астыртын жауап бергендей сезілді. Нақтырағы ол «Бүгін менің тағайындалғаныма тура 5 ай болды. Сіздерден осы уақыт аралығында жұмысты адал істеуді сұрап жатырмын. Мен білемін, араларыңызда адал, мемлекетшіл азаматтар бар. Көп кісі сондай. Сіздерге сенемін. Сендім де. Сіздерді ауыстыратын ешқандай ойым болған жоқ. Бірақ кеткен кісілер де болды. Олар сөзге көнбегеннен кейін кетті. Өздерінің артында былықтары да бар. Өткен нәрсені қалдырып, қазір жұмысты жаңадан бастау керек. Арамызда сатқындар да бар» деді. Қош делік, бұдан бір ғана түйін шығаруға болады. Соңғы 5 айда басшылық қызметтен кеткен лауазымды тұлғалардың бәзбіреуінің біз біле бермейтін, әйткенмен әкімге аян әлдебір істері бар сияқты. Қайткен жағдайда да, қазына қаржысын меншігіндей көретін басшылардың жаңа жүйені құруы, елді дамытуы неғайбыл. Бір ғана нәрсе айқын, дәл қазіргі уақытта әкімдік ішінде жемқорлықпен күрес шаралары қарқынды жүріп жатыр. Ескі кадрмен есті жүйені құру мүмкін емесін бүгінгі қала басшысы айқын біліп, нақты әрекетке көшіп отыр. Осы тұста айта кетерлігі, Шымкенттің ішкі мәселесін, әкімдіктің айналасындағы терең түйткілдерді тап басып, едел-жедел шешім қабылдай алуға асқан ыждағаттылық, талапшылдық, адалдық қажет. Бұл қасиеттер қазіргі әкімнің бойынан табылуы көңілге сенім ұялатады.
Мәжілісте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері сұраққа алып, ұстап алып кеткен шенеуніктің Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азат Момынов екені белгілі болды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратқан ақпаратқа сенсек, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында агенттік сейсмикалық қауіпсіздік, табиғи және техногендік сипаттағы басқа да төтенше жағдайлар саласында тексерулер жүргізіп жатыр. Осындай тексерулердің нәтижелерімен Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Шымкент қаласы Тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушыға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Лауазымды адам қаланың 216 тұрғын үйінің сейсмикалық тұрақтылығын технологиялық тексеру жөніндегі жұмыстарды орындауға бөлінген аса ірі мөлшердегі қаржыны адамдар тобымен алдын ала сөз байласу бойынша жымқыруда күдікті. Залалдың алдын ала сомасы 120 млн теңгені құрайды. Тергеу жалғасып жатыр.
Қош делік, Шымкентте жұмысын адал атқармайтын және бюджеттен бөлінген қаржыны қолды ететіндермен күрес алдағы уақытта да жалғасын таба береді деп сенеміз. Біздің пайымдауымызша, қала басшысының қарамағындағыларға қойып отырған талабы айқын – міндетті мінсіз атқарып, халықтың игілігіне қызмет ету. Мұны ескеріп, елдің қамын ойлағандардың есебі түгел. Ал ескертуді елемегендер заң алдында жауап беріп, айыбы анықталса, темір торға тоғытылады. Қала әкімі халықпен кездесуінде «Мен босқа уәде бермеймін. Уәде берсем, орындалады» деген болатын. Айтты. Орындады. Осының өзі көп нәрседен хабар береді. Былығы бітпейтін басқарма басшыларына тықыр таяп келеді. Санаға шырмалған жүйенің бір шеті сетінеген сыңайлы. Бұл – жақсылықтың нышаны!

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.