ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ЛАЙНЕР АЛҒАШҚЫ САПАРЫНА ШЫҚТЫ
Бүгінде туризм экономикаға қыруар пайда әкелетін салалардың қатарына жатады. Жыл сайын миллиондаған адам өзге елдерге саяхаттап, сол елге қыруар ақша тастап кетеді. Сондықтан болар жыл өткен сайын бұл салаға маманданған қалалардың қатары арта түсуде. Әйткенмен адамзат баласын таңғалдыру да қиындап бара жатыр. Осындайда жұрттың қызығушылығын тудырып, өзіне шақыратын сан түрлі әдістер көмекке келеді.
Мәселен, әлдебір елдер жаһандағы ең биік ғимаратын, енді бір ел тарихи орындарын, кейбірі шипалы да саялы жағажайын мақтан етеді. Жуырда әлемдегі «ең» деп басталатын орындардың қатарына тағы бір көлік түрі енді. Нақтырағы, әлемдегі ең үлкен круиз кемесі «Icon of the Seas» Флоридадағы Майами портынан Кариб аралдарына алғашқы 7 күндік саяхатына шықты. Бұл туралы ВВС хабарлады. Кеме 365 метр ұзындығымен рекорд жаңартты. Салыстыру үшін айтар болсақ, аты аңызға айналған «Титаник» бұл кемеден 100 метрге қысқа, ал АҚШ Әскери-теңіз күштерінің ең ірі ұшақ тасымалдағышы «Gerald R.Ford» ұзындығы — 333 метр.
Кеме 7 600 жолаушыны қабылдай алады. Онда 40-тан астам мейрамхана, кафе мен барлары бар 20 палуба қарастырылған. Сондай-ақ тропикалық өсімдіктері бар шағын саябақ, театр, караоке, теннис және волейбол алаңдары, балаларға арналған аттракциондар мен аквапарк бар. Кеме Багам аралдарында тіркелген және Финляндияда 2 миллиард долларға жасалған.