КӨЛІК ИНДУСТРИЯСЫ: ТАРИХТАН АЛАР ТАҒЫЛЫМ КӨП…

Әлемде автокөлік индустриясы қарқынды дамып келеді. Елімізде де бұл саланы дамыту бойынша бірқатар бастамалар көтеріліп, жүзеге асып келе жатқаны белгілі. Нақтырағы, шетелдік көліктерді құрастыру ісі қарқын алған. Жаһандық көрсеткіштерге сүйенсек, көлік шығаратын зауыттар әр елдерде 4 миллионнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, ішкі жалпы өнімнің 10 пайызын құрайды. Жалпы аталған саланың даму қарқыны қандай? Тарихи көрсеткіштер не дейді? Бүгінгі материалымызда осы және өзге де сауалдарға жауап іздеуге тырысып көреміз…

2022 жылдың қорытындысы бойынша, әлемде барлық түрдегі автокөлік өндірісі 85 млн данаға жетті. Оның 61,6 млн-ы жеңіл көліктер болды. Автокөлік өнеркәсібінің жылдық өсімі 6,1 пайызға жетті. Жалпы 2020 жылғы коронадағдарыстың соққысынан кейін өндіріс бір жылда 16 пайызға қысқарып, артынша бір жылдан кейін 2021 жылы 3,3 пайызға өсті. Сондықтан әлемдік автокөлік өнеркәсібінің ауқымы біртіндеп қалпына келеді. Бұл туралы Еnergyprom.kz зерттеуінде көрсетілген. Автокөлік өнеркәсібі — әлемдегі ең ірі өңдеуші салалардың бірі. Жоғарыда айтылғандай, жыл сайын 60 млн-нан астам жеңіл автокөлік шығарылады. Бұл әлемдік мұнай тұтынудың шамамен 50 пайызын құрайды. Салада 4 млн-нан астам адам жұмыс істейді, бұл ретте дамуы автокөлік өнеркәсібіне жанама түрде тәуелді кәсіпорындарды есепке алынбайды.
Жаһандық экономиканың дамуы автокөлік өнеркәсібіне байланысты, ол интеграцияланған салалардың кең спектрін қамтиды. Автокөлік өнеркәсібі әлемдік ІЖӨ-нің шамамен 3 пайызын құрайды, бұл көрсеткіш Қытай және Үндістан сияқты дамып келе жатқан нарықтарда жоғарырақ, мұнда автокөлік өнеркәсібі ІЖӨ-нің тиісінше 10 және 7 пайызын құрайды. Ал Еуропалық Одақтың ІЖӨ-нің 7 пайызынан астамы автокөлік өнеркәсібіне тиесілі. Автокөлік өндірісі үш маңызды бағытты қамтиды — өнеркәсіпті дамыту, мобильділік және адами капиталды дамыту. Бүкіл әлемде автомобиль өнеркәсібі болат диірмендері, құрамдас бөліктерді, шыны және басқа да ілеспе өнімдерді өндірушілер сияқты өндірістік және инфрақұрылымдық кластерлерді құрайтын басқа да өндірістік зауыттармен қоршалған.
OICA автокөлік өндірушілерінің халықаралық ұйымында автокөлік құрастыратын, өндіретін немесе сататын 50-ден астам ел бар. Оның ішінде тек 15 ел ғана нөлден бастап түпнұсқалық өндірістегі көліктерді жасай алады. Олардың қатарында көршіміз Қытай да бар. Ендеше Қытайдағы және кейбір басқа елдердегі автокөлік өнеркәсібінің даму тарихына назар аударайық. Аспанасты еліндегі автомобиль өнеркәсібінің дамуы 1978 жылы басталған экономикалық реформа саясатының бөлігі ретінде бастау алды. Сонымен бірге билік жергілікті өндірісті бастау үшін импортты шектеді. Атап айтқанда, шетелдік көліктерге 260 пайыздық импорттық баж салығы болды. Оның үстіне 1985 жылдың наурыз айында әкелінетін автокөліктерге кедендік баж салығы бұдан да жоғары көтерілді, кейінірек «қорғаныш» акцизі қосылды. 1985 жылдың қыркүйегінде барлық дерлік автокөлік импортына екі жылдық мораторий енгізілді.
Сонымен бірге, ҚХР жеңіл автокөліктерді бірлесіп шығару туралы қолданыстағы келісімдерді кеңейту, сондай-ақ жаңаларын жасау арқылы жергілікті өндірісті ұлғайтты. Нәтижесінде Қытайдың автоөнеркәсібі орасан зор секіріс жасады. Егер 1985 жылы ел небәрі 5,2 мың жеңіл автокөлік шығарса, ал 1992 жылы өндіріс алғаш рет миллион автокөліктен асып, 2000 жылдардың аяғында Қытай әлемдік автоөндірісте бірінші орынды иеленді. Жалпы бұл түсінікті құбылыс, өйткені сол онжылдықтарда Қытай халқы тез өсті, сәйкесінше автокөлікке сұраныс тез өсті. Мәселен, 50–60 жылдары Қытай халқы 600 млн-нан 800 млн адамға дейін өссе, 1985 жылы 1 млрд, 1992 жылы 1,2 млрд, ал 2000 жылдардың аяғында 1,3 млрд болды. Оның үстіне өткен ғасырда Қытай автокөлік өнеркәсібінің міндеті саланың қалыптасуы болса, осы ғасырда 2012 жылдан бастап «таза» автокөліктерге, электрокөліктерге көшті. 2030 жылға қарай іштен жану қозғалтқыштары бар автокөліктерге тыйым салуды жоспарлап отыр. 2023 жылдың қарашасында Қытайда 2,9 млн жеңіл автокөлік сатылды, оның 1 млн-нан астамы немесе 35,1 пайызы — электрокөлік. Осы тұста айта кетерлігі, әлемдік электрокөлік нарығының 35 пайызын қытайлық BYD бренді алып жатыр.
Түркия — автокөлік өнеркәсібінің сәтті құрылысының тағы бір жарқын мысалы. Бұл ел автокөлік жабдықтарының барлығын дерлік шығарады. Олар — жеңіл автокөлік, шағын коммерциялық көлік (пикап, фургон, микроавтобус), жүк көлігі мен арнайы техника, автобус, сондай-ақ оларға арналған құрамдас бөліктер мен автокөлік бөлшектері. Түрік автокөлік өнеркәсібі өткен ғасырдың 50–60 жылдарынан бастау алады. Содан кейін секторда толық импортты алмастыруды қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды және импорттық шектеулермен Ford, Renault және Fiat автомобильдерінің лицензиясы бойынша өндіріс басталды.
1980 жылдары секторды ырықтандыру кезеңі басталды. Ал 1990 жылдардың бірінші жартысында шетелге алғашқы жеткізілімдер басталды. Ішкі нарықтың өсуін 1990 жылдардың екінші жартысында түрік азаматтарының әл-ауқатының өсуімен байланыстыруға болады. Сонымен бірге автокөліктерді сыртқы нарықтарға, әсіресе ЕО елдеріне жаппай экспорттау мүмкіндігі пайда болды. 2004 жылға қарай Түркия негізінен ЕО елдеріне жылына 518 мың автокөлік экспорттайтын болды. Зауыттарға келетін болсақ, 1959 жылы Ford Otosan ұлттық компаниясы Түркияда өндірісті бастады, 1963 жылы — Otokar, 1964 жылы — BMC және Askam, 1966 жылы — Karsan, MAN, Otoyol және A.I.O.S., 1968 жылы — Mercedes-Benz Türk, 1971 жылы — Oyak-Renault және TOFAŞ, 1987 жылы — Temsa, 1994 жылы — Toyota, 1997 жылы — Honda және Hyundai Motor.
2003 жылдан бастап елде жарты млн-нан астам, ал 2007 жылдан бастап жылына 1 млн-нан астам автокөлік шығарыла бастады. Динамика бойынша Түркияда автокөлік өндірісі 15 жыл ішінде, атап айтқанда, 2002 жылдан 2016 жылға дейін 374 мыңнан 1,5 млн-ға дейін өсті. 2022 жылы коронадағдарыс басылғаннан кейін Түркия 1,4 млн көлік шығарды. Бүгінгі таңда автокөлік өнеркәсібі Түркиядағы машина жасау өнеркәсібінің жетекші саласы және елдің өзі әлемдегі ең ірі 15 автокөлік өндірушінің және Еуропадағы алғашқы бестіктің қатарына кіреді.
Тағы бір көршіміз Өзбекстанның автокөлік өнеркәсібінің дамуына назар аударған жөн. Бір қызығы, оның тарихы іс жүзінде отыз жыл бұрын нөлден басталған, өйткені Кеңес дәуірінде Өзбекстан Республикасының аумағында автокөлік өнеркәсібі болмаған. Өзбекстанның автокөлік өнеркәсібі тарихының бастапқы нүктесін Өзбекстанның бірінші президентінің Оңтүстік Кореяға сапары мен 1992 жылы маусымда Daewoo Motors зауыттарына сапары деп санауға болады. 1993 жылдың наурыз айында UzDaewooAuto бірлескен кәсіпорны тіркелді, ал 1994 жылдың маусымында Әндіжан облысының Асака қаласында бірінші өзбек автокөлік зауытының құрылысы басталды. 1996 жылы наурызда Өзбекстанның бірінші автокөлік шығаратын зауытының конвейерінен бірінші көлік шықты, ол Damas микроавтобусы болды. Сол жылы Өзбекстан Республикасында ғана емес, Қазақстан Республикасында және басқа да ТМД елдерінде танымал болған тағы екі модель — Tico және Nexia шығарыла бастады. 2001 жылдың тамызында Matiz өндірісі іске қосылды. Өзбекстан — 1998 жылдан бері Автокөлік өндірушілерінің халықаралық ұйымының (OICA) мүшесі.
2007 жылы Өзбекстан Daewoo-ны өзіне сіңірген америкалық General Motors концернімен ынтымақтастықты бастады. Нәтижесінде жаңадан құрылған GM Uzbekistan компаниясы Tacuma, Epica және Captiva атты үш жаңа моделін шығарды, ал танымал Nexia мен Matiz ЕВРО 3 қозғалтқыштарымен жабдықталды. Сол жылы Chevrolet брендімен автокөліктер шығарыла бастады. 2010 жылдың тамызында Spark моделінің жаппай өндірісі басталды. 2012 жылы Cobalt және Malibu бизнес-класс седандары нарыққа шықса, кейінірек желі жаңа үлгілермен айтарлықтай кеңейтілді. 2022 жылдың қорытындысымен Өзбекстан көлік өндірісі бойынша әлемде 28-орынға жайғасты. Бұл — ТМД-да Ресейден кейінгі екінші нәтиже және Орталық Азия елдері арасында бірінші орын.
Көріп отырғанымыздай, әртүрлі елдердегі автокөлік өнеркәсібінің өсуі халық санының өсуі, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту, жалпы барлық процестерді автоматтандыру деңгейін арттыру, экологиялық проблемалардың туындауы, табысты халықаралық ынтымақтастық, локализация деңгейінің жүйелі жоғарылауымен байланысты. Мұның бәрі Қазақстан үшін де, еліміздің автокөлік өнеркәсібі үшін де өзекті. Уақытылы мемлекеттік қолдау дәстүрлі түрде маңызды рөл атқарады және нарықты импорттаушылар мен ескі көліктерден қорғауға бағытталған және сұранысты ынталандыруға бағытталған түрлі шараларды қабылдауға болады. Мәселен, бір кездері Қытай, Бразилия, Ресей, Үндістан, Ұлыбритания, Германия, Аустралия және көптеген басқа елдер автокөлік жүргізушілеріне жергілікті өндірілген автокөліктерді, соның ішінде электрокөлік пен автокөлік сатып алу үшін жеңілдікті несиелеуге немесе субсидиялауға жүгінді. Жергілікті автоөнеркәсіпті қолдауға деген ұмтылыс — кең таралған автоматтандыруды және жергілікті өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған өте дұрыс үрдіс. Қалай болғанда да, күшті автокөлік өнеркәсібі ғана елге экономикалық тәуелсіздік пен жоғары экономикалық өсу қарқынын қамтамасыз ете алады.
Қазақстандық автокөлік өнеркәсібі де 2003 жылдан бастап елімізде жылына 3-4 мың ғана «Нива» маркалы автокөлікті құрастырудан бастап, бүгінгі күнге дейін іс жүзінде ұзақ жолдан өтті. Осы жылдар ішінде елімізде жеңіл көлік те, жүк көліктері де, арнайы көліктер, автобустар, ауылшаруашылық техникалары өндірісі ашылды. Қазақстанға Chevrolet, Kia, JAC, Hyundai, Jetour, Daewoo, КАМАЗ сынды брендтер келді. Еліміздегі негізгі зауыттардың қатарында Қостанайдағы Allur, Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan және Hyundai Trans Almaty, Семейдегі «СемАЗ» және Daewoo Bus Kazakhstan, Сарандағы QazTehna, Көкшетаудағы «КАМАЗ-Инжиниринг» зауыттары бар. OICA мәліметінше, ҚР-да 2022 жылы 112,5 мың көлік шығарылды, бұл бір жыл бұрынғы 92,4 мыңмен, бес жыл бұрынғы 19,1 мыңмен, 2010 жылғы 3,2 мыңмен салыстырғанда айтарлықтай көп. Осылайша, елімізде мамандандырылған көліктерді қосқанда барлығы 114 мыңға жуық көлік шығып отыр.
Айта кету керек, 2023 жылдың он айында Қазақстанда автокөлік өнеркәсібінің өнімі құндық мәнде өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 902,4 млрд теңге және 2022 жылдың барлық кезеңіндегі 1,2 трлн теңгеден 1,5 трлн теңгеге жетті. Физикалық түрде барлық үлгідегі 123,9 мың дана көлік өндірілді. Демек өндіріс бір жылда 40,2 пайызға көбейген. Оның ішінде тек жеңіл автокөліктің саны 112,8 мың бірлікті құрап, өткен жылдағы көрсеткіштен 40,5 пайызға көбейген. Отандық автоөндірушілер қазірдің өзінде Қазақстанның машина жасау өнеркәсібінің жалпы өнімінің 45 пайыздан астамын, өңдеу өнеркәсібінің жалпы өнімінің шамамен 9 пайызын және елдің жалпы өнеркәсіп өнімінің 4 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Мұның өзі саланың ел экономикасындағы маңызын айшықтап көрсетеді.
Қорыта айтқанда, автокөлік индустриясы — дамытуды қажет ететін маңызды да басты салалардың бірі. Тарихқа сүйенсек, нөлден бастап, көтеріліп, бүгінде мыңдаған көлік шығарып, ұлттық бренд қалыптастырып отырған елдер баршылық. Әйткенмен мұндай нәтижеге мемлекеттік қолдаусыз жету мүмкін емес тәрізді. Қош делік, қазақтың бренді әзірге қалыптаса қоймасы анық. Әйткенмен алғышарттар жасалса, ол күнге де жетуіміз бек мүмкін…

Ж.БАЛАУСА.