ҚАЗАҚСТАН 40 МЛРД ЕУРО ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУДЫ ЖОСПАРЛАП ОТЫР

Қазақстан – батыс пен шығысты жалғастырушы негізгі мемлекет. Сәйкесінше, елімізде логистиканы дамыту бойынша қыруар іс атқарылып жатыр. Мәселен, Қазақстан өз аумағында құрлықтағы транзиттік хаб құру үшін 22 әуежайды инвесторлардың басқаруына беруді жоспарлап отыр. Көлік министрі Марат Қарабаев Бельгия астанасы Брюссельде өткен форумының ашылу салтанатында осындай мәлімет айтты.

Марат Қарабаев Еурокомиссия өкілдеріне Қазақстан аумағын Еуропа мен Азия арасындағы негізгі және орнықты транзиттік бағыт ретінде пайдалануды ұсынды. Оның сөзінше, Қазақстан алдағы 5 жылда көлік саласындағы негізгі инфрақұрылымдық жобаларға 40 млрд еуро инвестиция тартуға ниетті. «Осы кезеңде ұзындығы 4,7 мың шақырым транзиттік дәліздерді қайта жаңарту және Транскаспий халықаралық көлік маршрутына жататын жолдарды жөндеу жоспарланып отыр. Жобаларды іске асыру үшін Global Gateway бастамасы аясында қаражат тартуды ұсынамыз және еуропалық мердігер ұйымдарды Қазақстанның автожолдар құрылысының үлкен жобасына қатысуға шақырамыз» деді министр.
Ведомство басшысы теміржол саласында жалпы ұзындығы 1 300 шақырым болатын жаңа магистральдар салынып, қолданыстағы инфрақұрылым жаңартылатынын атап өтті. Министр азаматтық авиацияны дамытып, құрлықтағы транзиттік хаб құру үшін 22 отандық әуежайды инвесторлардың басқаруына беру жоспарда бар екенін айтты. Ал Ақтау портында теңіз флотын нығайтып, контейнерлік хаб құру үшін инвесторларға 171 га аумақ беріледі. Сонымен бірге Ақтау және Құрық теңіз порттарын «ship-or-pay» шарттарымен сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігі де қарастырылып жатқаны тілге тиек етілді. Сөз соңында Марат Қарабаев еуропалық ұйымдар мен компанияларды маусым айында Астанада өтетін New Silkway форумына қатысуға шақырды. Сондай-ақ биыл қыркүйек айында Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы көлік саласындағы әріптестік бойынша инвестициялық форум ұйымдастыруды ұсынды.

С.НҰРАЙ.