КОММУНАЛДЫҚ ТАРИФТЕР ҚЫМБАТТАЙДЫ
Елімізде жылу құбырлары мен жарық желілерінің тозғаны турасында жиі айтылып келеді. Оны жөндеуге қыруар қаражаттың керегі айқын. Осы тұста айта кетерлігі, Қазақстанда барлық коммуналдық қызмет бойынша тариф өседі. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтып берді.
Нақтырағы, Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында «Су бойынша тариф өте төмен. Өткен жылы БҚО-ға барғанымда бір текше су 44 теңге болған. Әрине, суды тиімсіз пайдалану болады. Егер моншаға барсаңыз, судың ағыл-тегіл төгіліп жатқанын көресіз. Су – ең маңызды ресурс, сондықтан оны үнемдеу керек. Тариф өседі. Қазір су бойынша 200-500 теңге төленеді, мұнда агрессивті түрде көтеруге болады. Әйтпесе еш үнемдеу болмайды» деді Әлібек Қуантыров.
Министрдің айтуынша, тарифтер жыл сайын түзетіліп отырады, өйткені тарифтік бағдарлама жеті жылға созылады. Мұнда бәрі біртіндеп жасалады, халық пен бизнес үйреніп, инфляцияға сәйкес келуі керек. Мердігерлер мен құрылыс ұйымдары физикалық тұрғыдан бәрін жаңарта алуы қажет. Бұл негізінен сумен жабдықтау, су бұру үшін жасалады. Көше жұмыстары секілді маусымдық жұмыстарды қыста жүргізу қиын. Орташа алғанда, кейбір субъектілер мен ТКШ түрлері бойынша тарифтер 10-15 пайызға өсуі мүмкін. Тарифтің өсуі барлық қызмет түрлерін қамтиды, өйткені барлық инфрақұрылымның тозғаны анықталып отыр. «Әсіресе кәріз жүйесі қатты тозған, ал төленетін ақысы өте аз. Орташа алғанда, екі бөлмелі пәтер кәріз үшін 200 теңге төлейді. Мұны көтеру керек. Тарифтің жалпы өсуінің қалтаға салмақ салмауын да ескереміз. Сонымен қатар биыл тағы 40 мың отбасына тарифтердің өсуі үшін өтемақы төлеу жоспарлануда. Бұрын тарифтер отбасы табысының 20 пайыздан астамына жетсе, өтемақы берілетін. Қазір бұл шек 10 пайызға дейін төмендетілді. Яғни көбірек отбасыны қамтимыз» деп түйіндеді ведомство басшысы өз сөзін.