ҒЫЛЫМҒА КӨРСЕТІЛІП ЖАТҚАН ҚОЛДАУ КӨП

ал ғалымдардың жалақысы қанша?

Ғылым саласы бүгінде экономиканың дамуына айрықша әсер ететін салалардың біріне жатады. Жыл сайын сан түрлі өнертабыстың арқасында қоғамның өзге салалары қатар дамып, гүлденіп келе жатыр. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде қолға алынып жатқан шаралар аз емес. Әйткенмен өзекті түйткілдердің барын да жоққа шығаруға болмайды. Жалпы саладағы орташа айлық жалақының мөлшері қандай? Жуырда бұл сұраққа жауап алдық. Тарқатайық…

«Jibek Joly» телеарнасының «JJ Talk» бағдарламасы эфирінде отандық ғылымның экономикаға пайдасы талқыланды. Сондай-ақ ғалымдардың саны мен жалақысы сөз болды. Бағдарлама барысында сөз алған Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Зәки былай деп атап өтті «Елімізде 22 мыңдай ғалым бар. Енді сол көрсеткішті жас ғалымдардың арқасында 30 мыңға жеткізуді көздеп отырмыз. Осы орайда жылына 5 PhD докторына орын бөлмекшіміз. Бізде идея көп, қаражат та бөлініп жатыр. Қаражат бөлінбеген кездер болды, кей ұжымдар соның салдарынан сақталмай қалды. Айта кететін жайт, ғылымға қаражат бөлгенімен оның әсері бірден болмайды. Ол үшін бірнеше жыл керек. Бұған дейінгі заң тек ғылым туралы болды, енді технологиялық саясатты енгізіп жатырмыз. Ол дегеніміз — ғылыми жаңалықты өндіріске енгізу».
Одан бөлек, телебағдарлама эфирінде жас ғалымдардың қанша жалақы алатыны айтылды. Нақтырағы Металлургия және кен байыту институтының бас директоры, академик Бақдәулет Кенжеғалиевтің сөзінше, министрлік тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында ғалымдардың жалақысы 2 млн теңгеге дейін жетті. Ал ғылымға енді келген жас ғалымдардың айлығы 300 мың теңгеден басталады. Одан бөлек, тұрғын үймен қамту жағы тағы бар.