ҰЛТТЫҚ ЖОБА АЯСЫНДА 18 МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Шымкентте құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Өткен жылдың өзінде шаһарда бірқатар әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлер бой көтерді. Бұл ғана емес, алдағы уақытта да жұмыстар белсенді түрде жалғаса береді. Биылғы жоспарлар легі қандай? Қандай нысандардың құрылысы жүргізіледі? Осы және өзге де сауалдарға жуырда Ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында өткен баспасөз брифингі барысында Шымкент қаласының құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев жауап берді. Тарқатайық…

Өткен 2023 жылы Шымкент қаласында 53 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылды. Басқарма басшысының айтуынша, 2023 жылы құрылыс басқармасы тарапынан 144,9 млрд теңгеге 121 жоба немесе 162 нысанның құрылысы жүргізілді. Оның ішінде 53 нысанның құрылысы тапсырылса, қалған 109 нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі болып отыр. Ал биыл құрылыс басқармасы тарапынан 97,2 млрд теңгеге 93 жоба немесе 128 нысанның құрылысын салу жоспарланған. Оның ішінде 105 нысанның құрылысы жыл соңына дейін тапсырылады. Қалған 23 нысанның құрылысы 2025 жылға өтпелі.
Баспасөз мәслихатында мәлім болғандай, Шымкентте Ұлттық жоба аясында 18 мектептің құрылысы іске асырылуда. Соның ішінде 12 мектептің құрылысын 2024 жылы, 6 мектептің құрылысын 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 6 білім нысанының құрылысы жүрігізіледі. Оның ішінде 2 нысанның құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланса, 4 нысанның құрылысы 2025 жылға өтпелі. Сонымен қатар 3 625 орынға арналған 11 білім нысаны мен Тұран шағынауданы 5 га жер учаскісінде көпфункционалды теннис орталығының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр. №12 және №15 спорт мектебінің құрылысын аяқтау жоспары тағы бар. Биыл 4 мәдениет нысанының да құрылысы бітіп, пайдалануға беріледі. Ал Опера және балет театрының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр.
Бүгінде абаттандыру бойынша Шымсити шағынауданындағы 20,4 га, 6,9 га және 18 га саябақ құрылысы жүргізілуде. Бүгінде саябақ бойынша құрылыс жұмыстары 80 пайызға орындалса, 18 га саябақ бойынша құрылыс жұмыстары 15 пайызға орындалып отыр. Ал Тұран шағынауданындағы Этносаябақ құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Одан бөлек, 2 ауыл шаруашылығы нысанының құрылыс жұмыстары 90 пайызға орындалса, 4 мемлекеттік орган нысандарының құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 3 нысан құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланса, 1 нысанның құрылысы 2025 жылға өтпелі. Сондай-ақ 1 әлеуметтік қамтамасыз ету нысанының құрылысы қолға алынады. Қазіргі таңда, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Бұдан бөлек, 2024 жылы қала аумағында 12 инженерлік инфрақұрылым нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның 11 нысанын 2024 жылдың қорытындысымен пайдалануға тапсыру жоспарланған.