ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ӨТІНІШІ ТЫҢДАЛДЫ
Елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ілкімді істер жүзеге асып келеді. Қазіргі уақытта әрбір өңірдің басшылары бұқарамен жиі жүздесіп, мәселелеріне құлақ асуда. Оның ішінде Шымкент қаласында көп көтерген бірқатар түйткілді түйіндер шешімін тапты. Осы орайда, жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков сала басшыларымен бірге тұрғындар көтерген мәселелер бойынша елді мекендерді аралап, инфрақұрылым мәселелерінің шешімін қарастырды.
Әуелі шаһар басшысы Абай ауданына қарасты Ақжайық елді мекеніне барып, жергілікті халықпен кездесті. Тұрғындар жолдың сапасыздығы мен инфрақұрылым жүйелеріне қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Елді мекен аумағында инженерлік жүйелерді талапқа сай жүргізу, қоғамдық көліктердің жұмысын жүйелеу, кейбір жер учаскелерін мемлекет мұқтажына қайтару қажеттігі туындап отыр. Жауаптыларға бұл бағыттағы жұмыстарды заң талаптарына сәйкес жылдам жүргізу тапсырылды. Бұдан кейін қала әкімі Түркістан шағынауданына барып, тұрғындардың өтініштерін тыңдады. Жергілікті халық мектеп тапшылығы, канализациялық жүйелерді жүргізу, қосымша автобустарды қарастыру бойынша ұсыныстарын жеткізді. Ғабит Әбдімәжитұлы азаматтардың ұсыныс-тілектерін ескере отырып, халыққа қолайлы жағдай жасауда жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.
Биыл Айқап көшесіне 6,154 шақырым кәріз құбыры тартылады. Құрылыс осы жылдың көктемінде басталып, 2025 жылдың III тоқсанында аяқталады. Нәтижесінде 2080 үй орталықтандырылған канализациялық жүйеге қосылады. Сондай-ақ қала басшысы Ғ.Іляев көшесіндегі № 17 «А» көпқабатты үйдің қазіргі жағдайын бақылап, тұрғындарымен кездесті. 1965 жылы салынған 5 қабатты тұрғын үйде 300-ден аса халық тұрады. Үй қабырғаларының зақымдалуына байланысты сейсмонығайту жұмыстарын жүргізу қажеттігі туындап отыр. Құрылыс жұмыстарын бастау үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленген, қазіргі уақытта сараптама қорытындысы алынған. Қала басшысы халыққа қолайлы жағдай жасап, сейсмонығайту шараларын талапқа сай биыл атқаруды міндеттеді.