ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ТАҒЫ БІР АУЫЛ КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ҚАМТЫЛДЫ

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Ордабасы ауданына іссапармен барды. Аудан әкімі Азат Оралбаев тұрғындарды сапалы ауыз су, электр энергиясымен, табиғи газбен қамту жұмыстары мен алдағы жоспарларды таныстырды.

Әуелі Шұбарсу ауылындағы ауыз сумен қамтудың 5-кезең құрылысын аралап, жұмыс кестесін тексерді. Бұл жоба 3191 абонентті сапалы сумен қамтуға қауқарлы. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталуда. Субастау аумағында абаттандыру, су есептеуіш құралдарын орнату және қосу-құрастыру жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ Қараспан ауылдық округі, Батыр ата ауылының табиғи газбен қамту құрылыс алаңына барып, газдандыру жұмыстарымен танысты. Аталған ауыл шеңберінде жер астымен 19 шақырымға газ құбыры тартылған. Қазіргі таңда темір құбырлардың 1,6 шақырымның тіреуіштері қойылатын орындарға бетондау жұмыстары жүргізілуде.
Іссапар Қараспан ауыл округі, Берген ауылына жалғасты. Мұнда табиғи газ нысаны пайдалануға беріліп, 259 үй көгілдір отынмен қамтылды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары іссапар барысында Көлтоған ауылында табиғи газбен қамту құрылысын көрді. Осы ретте мердігер мекеме мен жауаптыларға газдандыру жұмыстарын қысқа уақыт ішінде аяқтап, тұрғын үйлерге газ жеткізуді тапсырды. Газдандыру жобасы аяқталған соң 289 абонент көгілдір отынның қызығын көрмек. Іссапар соңында аудан әкімдігінде техникалық кеңес өтті. Оған аудан басшылары, табиғи газ, ауыз сумен қамту құрылысын жүргізіп жатқан мердігерлер, авторлық, техникалық қадағалаушылар қатысты. Кеңес отырысында аудан әкімінің салаға жауапты орынбасары инженерлік-инфрақұрылым саласында жүргізілген жұмыстарды баяндады.