АРЫСТА ЕКІ ЖЫЛУ ҚАЗАНДЫҒЫ ТАБИҒИ ГАЗҒА АУЫСТЫРЫЛЫП ЖАТЫР
Арыс қаласына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов арнайы іссапармен барды. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова тұрғындарды сапалы ауыз сумен және жылумен қамтамасыз ету бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаларды таныстырды. Арыс қаласында орналасқан екі қазандық табиғи газға ауыстырылып жатыр. Соның арқасында эксплуатациялық шығындар едәуір азайып, өңірдің экологиялық жағдайының жақсаруына оң ықпал етеді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары аталған жұмыстармен танысу үшін жылу мекемелеріне барды.
Атап айтқанда, «Нұрсая» тұрғын ауданында орналасқан қуаттылығы 7,8 Гкал болатын сұйытылған отынмен жылытылатын қазандықтың жұмысымен танысты. Қазіргі кезде, аталған жылу беру мекемесі 12 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтып отыр. Бүгінгі таңда аталған қазандықты табиғи газбен жылытатын модульді қазандыққа ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Дәл осындай жұмыстар «Арыс жылу» МКК-на қарасты «Орталық қазандықта» жүргізіліп жатыр. Яғни қатты отынмен жылытылатын қазандықтарды табиғи газбен жылытатын заманауи «БМКГ-13957» модульдік қазандыққа ауыстырылуда. Бүгінде аталған мекеме арқылы 12 көпқабатты үй, 10 бюджеттік мекеме мен 6 коммерциялық ұйым жылумен қамтылған. Зүлпыхар Жолдасов жұмыстарды бекітілген кестеге сәйкес аяқталуы қажеттігін айтты.
Бұдан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Ақынбеков көшесі бойында орналасқан көппәтерлі «МПС» тұрғын алабына барды. Мұнда өткен жылы қала әкімінің өкімімен арнайы комиссия құрылып, тұрғын үйлердің физикалық тозуына талдау жүргізілген. Шаһар басшысы көппәтерлі тұрғын үйлерді сейсмикалық тұрғыда күшейту және жөндеу, абаттандыру қажеттігін айтты. Бұдан бөлек инвесторлар тарту, сондай-ақ тұрғын үйлерді модернизациялауға бағытталған мемлекеттік бағдарлама арқылы шешу жолдары қарастырылып жатқандығын атап өтті. Әрі қарай Арыс қаласына дейінгі су таратқыш құрылысының жай-күйімен танысты. Жоба аясында 12,6 шақырымды құрайтын жоғары қысымды магистралды су құбыры тартылған. Сондай-ақ 2 дана су ұңғымасы және 3000 м3 су жинайтын резервуар салынуда. Нысан толық аяқталған соң, 9552 тұтынушы немесе 33 662 арыстық тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары аталған жұмыстарды кестеге сәйкес орындалуына баса назар аударды. Ол үшін жауапты тұлғалар жұмыстың сапасы мен мерзімін бақылауда ұстап, мердігерлердің өз міндеттерін тиянақты орындауын тұрақты қадағалауға алу керектігін айтты. Іссапардың қорытындысы бойынша Зұлпыхар Сансызбайұлы әкімдіктің кіші мәжіліс залында әкім аппараты активімен мәжіліс өткізді. Жиын барысында құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты, сондай-ақ қаланы газдандыру сынды өзекті мәселелер және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар талқыланды.